АҚШ-та Сәкен Бибосыновтың финалдағы жеңісінен кейін AIBA-ны "жемқорлықпен айналысты" деп айыптады
358
WBO нұсқасы бойынша екінші жартылай жеңіл салмақ чемпионы Шакур Стивенсон финалдық кездесудегі төрешілікке наразылық білдірді- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Белградта өткен әлем чемпионатының финалында америкалық Роско Хилл отандасымыз Сәкен Бибосыновпен жұдырықтасқан еді. Жекпе-жек нәтижесінде төрешілердің бірыңғай шешімімен Сәкен Бибосынов жеңіске жеткен болатын.
Алайда Стивенсон шешіммен келіспейтінін айтып, Халықаралық бокс ассоциациясын жемқорлықпен айналысты деп айыптады. "Менің ойымша, Роско Хилл екінші және үшінші раундты жеңді. Төрешілер шешімінен кейін өзімді соқыр сезіндім. Ол жақсы спортшы, мен екінші және үшінші раундты жеңді деп топшылағанмын. Бірінші раундта да есептің 10-8 болғаны таңқалдырды. АІВА әлі де жемқорлықпен айналысады", - деп жазды ол өз твиттерінде.
Стивенсонды америкалық боксшы және 2019 жылы өткен әлем чемпионаты мен 2020 Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Кишон Дэвис те қолдады.
"Роско Хиллді алдағаны айдан анық. Мен көрген шешімдердің ішіндегі ең сұмдығы. Бұл әуесқой бокс жүйесі болғандықтан ешкім үндемейді", - деп жазды Дэвис өз парақшасында.