Тегін спорт секциялары жабыла ма – Абаев жауап берді

210

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ArtSport спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерін жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы туралы айтты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Фото: ҚР  Мәдениет және спорт министрлігі, тегін спорттық үйірмелер, ArtSport 


Қазір бұл бағдарламаны қаржыландыру мәселесі күйіп тұр. Өкінішке қарай қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған нысанда толық қамтамасыз ету үшін қаражат жоқ екенін мойындау керек. Дегенмен расталған ваучерлер үшін барлық қаражат табылатынын айтқымыз келеді. Қазір 15 мыңнан астам үйірмелер мен секцияларға 495 мың адам қатысып жатыр. Бұған 32 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді,- дейді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.


Оның айтуынша, жыл соңына дейін қосымша 97 млрд қажет.


Біз ешқандай жауапкершіліктен қашпаймыз. Біріншіден, бағдарлама жабылады деген әңгіменің еш негізі жоқ. Сонымен қатар қазіргі уақытта барлық бекітілген және расталған ваучерлерге қаржы төленетінін атап өткім келеді. Бұған өңірлер қажетті қаражат бөледі. Мәселен, Алматы әкімдігі 4 миллиард теңгеден астам қаржы тауып қойды,- дейді Дәурен Абаев.


Бұл ретте ол бағдарламаны қаржыландыру неліктен көбейіп жатқанын түсіндірді.


Қазақстанда балалар саны артып келеді. Әрбір бала ойнағысы келеді. Елімізде 4,5 миллион баламыз бар, былтыр 450 мың бала дүниеге келді. 5-6 жылдан кейін олар үйірмелерге барады. Ал бұл жалпы алғанда 32 миллиард теңгені қажет етеді, 5-6 жылдан кейін бұл сома 100 миллиард теңгеден асады,- дейді Дәурен Абаев.


Министрлік басшысы ArtSport бұқаралық спортты дамытудың жалғыз тетігі емес екенін тілге тиек етті. Бұл ретте ол спорттық-сауықтыру орталықтары ашылып, баскетбол, волейбол, футзал, қазақ күресі, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен ұлттық мектептер мен студенттік лигалар ұйымдастырылғанын атап өтті.


Білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде дене шынықтыру мұғалімдеріне мектептен тыс жұмыстарға қосымша ақы төлеу енгізілді.


Егер жалпылама қарастырар болсақ, онда балалардың 73%-ы қосымша спорт секцияларымен және үйірмелерімен қамтылды. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі мен білім беру ұйымдарындағы секциялардан бөлек, жасөспірімдер спорт мектебінде тағы 386 мың бала білім алып жатыр,- деді Дәурен Абаев.