Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқышқа стелла орнатылды

504
Өскеменде қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаевқа стелла орнатылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Жақыпбек Малдыбаев 1907 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Шеңгелді ауылында туған. 1929 жылы өз еркімен Қызыл Армия қатарына қосылып, Мерв қаласындағы Түркістан атты әскер бригадасының 82-дербес полкында қызмет етті. 1937 жылы Жуковский атындағы Әскери әуе академиясының штурмандық бөлімін сырттай оқып бітірген Жақыпбек звеноның флагштурманы қызметіне тағайындалады.

Советтік 160 ерікті ұшқыштар қатарында аға лейтенант Жақыпбек Малдыбаев Испанияның азаттық соғысына қатысады. Содан елге қайтып келе жатқанда, Ташкент маңында 1938 жылғы 30 наурызда авиациялық апаттан опат болған. Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Ташкент қаласындағы әскери аэродромның біріндегі ұшқыштар зиратына жерленген.

9 қараша күні Өскемендегі Жақыпбек Малдыбаев көшесінде әскери ұшқышқа стелла орнатылды. Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Ирина Смит, ұшқыштың немере інісі Болатбек Малдыбаев, немере қарындасы Күләш Омарқызы қатысты. Шара барысында тұңғыш ұшқыштың өмірін зерттеп, архивтерден ақтарып, құнды тарихи мақала жазған журналист-жазушы Айтмұхамбет Қасымов сөз алды.

«Бұл стелла былтыр бой көтерген «Мәңгілік ел» монументі, жуықта орнатылған Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткіші сияқты Өскеменнің көркі мен келбетіне қосылып отырған сәулет өнерінің тамаша бір туындысы ғана емес, кейінгі ұрпақтың бабалар мен ағалар ерлігіне деген құрметі мен парызы, ұлттық рухымызды көтеріп, жалындата түсетін киелі де қасиетті ескерткіш деп айтуға әбден болады. Осы үлкен іске мұрындық болған қала әкімдігіне, ескерткіштің авторы Нұрбол Қалиевқа шын жүректен алғысымды білдіремін!» – деді ол.