16 жасар Әлихан Әбілдин халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды

419
16 жасар Әлихан Әбілдин халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Биыл кинофестивальде алғаш рет ұлттық байқау өтті. Мұнда соңғы екі жылда түсірілген ең жақсы 15 фильм ұсынылды.

Ұлттық байқау жүлделерінің бірі Әлихан Әбілдинге бұйырды.

Жігіт Яна Скопинаның «Жаз жақында аяқталады» фильміндегі басты кейіпкерді сомдап, «Үздік актер» номинациясын жеңіп алды.

Картина қазақстандық кинопрокатқа шықты.

Әлихан ешқашан киноға түсуді армандаған емес. Оның өмірдегі басты қызығушылығы – музыка.

Қарағандыда музыка мектебін бітіріп, биыл Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің студенті атанды.

«Instagram-да «Жаз жақында аяқталады» фильмінің продюсері Еркежан Мақсұт маған хабарласты. Ол менің түрім бас кейіпкер рөліне сәйкес келетінін айтты және кастингке шақырды. Біраз уақыт ол ұсыныстан бас тартып жүрдім, өйткені актерлік тәжірибем жоқ. Сонымен қатар, әрқашан өзімді тек музыкант ретінде көрдім. Қазір барабаншы оқуын оқып жатырмын. Мені ата-анам мен ағам көндірді. Олар мұндай мүмкіндіктен бас тартпау керектігін айтты», – дейді Әлихан.


Қарағандылық жасөспірім кастингтен оңай өтіп, түсірілім алаңындағы ең жас актер болып шықты. Ол кезде Әлихан 15 жаста еді.

Бірақ сол кездің өзінде ол мұның қаншалықты жауапты іс екенін түсінген және Баха есімді басты кейіпкердің рөлін ойнау үшін барын салды.

Түсірілім болған жаздың екі айында киноактер өзінің жайлы әлемінен шыққанын айтады.

«Маған түнде жұмыс істеу қиын болды. Кейде түсірілім түнгі 11-ден таңғы 11-ге дейін созылатын. Ұйықтағым келеді, бірақ өзімді жеңдім. Рөлге де бірден үйренбедім. Фильм 80-ші жылдар туралы баяндайды. Ол кезде жастар да, өмірлік құндылықтар да басқа болды. Өз кейіпкеріме мүлдем ұқсамаймын. Мен тұйық адам едім, достарым жоқ-тын. Түсірілімнен кейін керемет адамдармен дос болдым, олармен әлі де араласамыз. Сонымен қатар, кейде күнделікті өмірде Баха сияқты әрекет ететінімді байқаймын, анағұрлым ашықпын», – дейді жігіт. 


Әлихан үшін түсірілімнің ең есте қалған эпизоды карантин болды. Фильмнің режиссері ковид жұқтырып алды. Екі апта бойы фильмнің бүкіл құрамы қонақүйге қамалды.

Бәрі сауығып, түсірілім қайта басталғанда, қызықты идеялар пайда болды. Үзіліс барлық көріністерге жаңаша көзқараспен қарауға көмектесті.

Фестивальде жеңіске жету жас актер үшін де күтпеген тосынсый болды. Оның номинациясына танымал қазақстандық актерлер ұсынылған еді.