Балаларға қазақ тілін үйрететін ойын түріндегі арнайы платформа ашылды

699
«Тәтті алма» атты балаларға қазақ тілін үйрететін арнайы сайт ашылды деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Мемлекеттік тілді дамыту қорының Soyle.kz командасы «Казцинк» ЖШС-ның қолдауымен балаларға арналған тапсырмалары, жаттығулары және ойын симуляторлары бар интерактивті ойын түріндегі алғашқы бірегей «Тәтті алма» онлайн-платформасын іске қосты.

Платформа 4 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға, ата-аналарға, бастауыш сынып мұғалімдеріне, балабақша тәрбиешілеріне және балалар орталықтарының оқытушыларына арналған.

Бастапқыда балалар сайтты ересектердің көмегімен меңгерсе, кейін сабақты өз бетінше жалғастыра алады. Сондай-ақ сайтта мектепке дейінгі және бастауыш мектеп мекемелері үшін қазақ және орыс тілдерінде оқытудың өзекті дидактикалық материалдары бар. Ал балаларға арналған 6 томдық «Тәтті алма» жинағының көркем шығармаларын tattialma.kz сайтында, «Кітапхана» бөлімінде оқуға болады.

Сайт бастауыш сынып оқытушыларына бағытталған және оларды қазақ тілінде оқыту контентімен қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар балаларға арналған ойын түріндегі білім беру бағдарламасы қамтылған.

Айта кетейік, қазіргі уақытта №1 Soyle.kz онлайн-порталында әлемнің түкпір-түкпірінен 300 мыңға жуық пайдаланушы қазақ тілін үйренуде. Сондай-ақ Soyle.kz командасының тіл үйрететін «Soyletube», «Soyletiktok» арналары, қазақ тілілінде сауатты іс қағаздарын жүргізуге көмектесетін «Resmihat.kz» платформасы, «Qazcomics.kz» веб-графикалық романдар сериясы, Қазақстандағы тұңғыш «Abaialemi.kz» онлайн-энциклопедиясы, «Qazaqstan 3D» Қазақстанның киелі жерлерінің картасы және «Кім білгіш?» тұңғыш отандық мобильді зияткерлік ойыны сияқты жобалары сәтті жұмыс істеп тұр.