ХХ ғасырдың басында елімізге жылына 80 мың адам көшіп келіп отырған

370

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақов Кеңес билігінің алғашқы ширегіндегі Сыр өңірінің этнодемографиялық ахуалының қудаланған халықтар есебінен өзгеруі турасында баяндама жасады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Перовскіде Кеңес үкіметі орнағасын патша үкіметі дәуіріндегі жергілікті ұлт өкілдеріне қарсы қудалау әрмен қарай жалғасты деуге болады. Бұл туралы тура аитылмаса да сол кездегі Перовск депутаттары кеңесінің төрағасы Гержоттың «Последний парад» деген мемуарлық еңбегінен жақсы көруге болады. Бұл еңбекті оқып отырсаң азамат соғысы жылдары Перовск өлкесінде мүлдем қазақтар болмаған сияқты. Алайда «Революция мұқтажы» үшін түйе, жылқы тағы басқа заттар алынған деген беттерінде ғана қазақтар барын көруге болады. 


Гержоттың айуандығы арқасында мыңдаған Сыр елінің азаматтары қырылып кетті. Мұстафа Шоқайдың «Туркестан под властю Советов» атты еңбегінде. «Гержоттың кезінде миллион қазақ өлтірілді» - делінген. Бұл асыра сілтеушілік болса керек, бірақ ондаған мың қазақтың өлтірілгені, балаларды Гержоттың атымен қорқытқаны ел аузында мәңгілік қалды. 


Жиырмасыншы жылдары Қызылорда қаласы төңірегінде бірлесіп тұрған ұлттардың ішінде бірінші дүниежүзілік соғыста әскери тұтқын боп Қызылорда жеріне келіп, соғыс біткесін еліне қаитпай қалып қойған австриялықтарды айтуға болады.


1926 жылғы мұрағат құжаттарында Қызылорда қаласы маңындағы Умфельд коммунасында 132 австриялық жұмыс істегені белгілі және КСРО-ның Австрия үкіметімен жүргізген келіссөздері нәтижесінде коммуна мүшелерінің Австриядағы әйелдері мен балалары Қызылордаға келгені мәлім.  


Көптеген тарихшылар кеңес үкіметі толық орнап, азамат соғысы аяқталғаннан кейін ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынын басында Қазақстанда елеулі демографиялық өзгерістер болған жоқ дейді. Алайда соңғы кездегі зерттеулер демографиялық процестер қатарында Сталиннің аграрлық реформасы кезінде Қазақстанға бағытталған миграциялық ағым азамат соғысы және 20-шы жылдарда жалғасын тапқанын көрсетеді. 


1926 жылғы санақ жүргізілгенде 1,6 млн адам Қазақстанға сырттан көшіп келгенін көрсетсе, оның 800 мыңы 1916-1926 жылдары Қазақстанға көшіп келгенін көрсеткен, демек бұл жылдары орта есеппен жылына 80 мың адам Қазақстанға көшіп келіп отырған. Бір жағынан 20-шы жылдары Қазақстан халқы көбейіп жатса, екінші жағынан азайып отырған, бұл негізінен 1920-1921 жылғы ашаршылық салдарынан болды. 


ХХ ғасырдың 20-шы жылдары Кеңес үкіметі Қазақстан жеріне басқа ұлт өкілдерін қоныс аудару саясатын қайта қолға алды. 1928 жылдың 18 қаңтарында КССР орталық атқару комитеті Бүкілодақтық қоныс аудару комитетіне Қазақстан Республикасындағы қоныс аударуға жататын жерлерді анықтап құрылысы жүріп жатқан Түркістан-Сібір темір жолының бойындағы егін егуге жарамды жерлерге адамдарды қоныс аударуды қарастыруды тапсырса 1928 жылдың 21 ақпанында 1928-1931 жылдарға есептелінген Солтүстік Қазақстанға 400 мың адамды көшіру туралы жоспарды бес жылдық жоспарына қосты. 


20 жылдардың соңы мен 30 жылдардың басында кулактарды тап ретінде жою ісін жүзеге асыру мақсатында, Ресей мен Украинадан репрессияланған шаруалар Қазақстанға әкелініп, аграрлық қоныстандыру саясатымен қатар жүрді. 1928-1930 жылдары Қазақстанда құрылған кеңшарлар жұмысына КСРО-ның әралуан түкпірінен 65 мың отбасы көшіп келді. 


1932 жылдың қантарындағы мәлімет бойынша Солтүстік Қазақстанда 139039 адам, Оңтүстік Қазақстанда 41669 адам, барлығы 180708 адам кулак есебінде тіркеуде тұрған. Осы кезеңдегі қазақтардын сыртқа ағылған ірі көшіп-қонуы, ұжымдастыру кезіндегі, 1929-1933 жылдардағы ашаршылықтың зардабынан туындады. 1929-1931 жылдары Қазақстандағы кенес үкіметінін үжымдастыру саясатына қарсылық есебінде 80 мың адам қатынасқан 372 көтеріліс қазақтардың республикадан тыс жерлерге көшуімен жалғасты. Ашаршылық жылдары республикадан 1030 мың адам кетті, олардың 616 мыңы қайтпай қалды, 434 мыңы кейінірек Қазақстанға қайта оралды. 1930-1933 жылдары Қазақстанда ауыл халқы 2351,6 мың адамға кеміді. 


Ресми мәліметтер бойынша, 1930 жылы 121,2 мың, ал 1931 жылы 1074 мың қазақ, немесе қазақтардың үштен бір бөлігі көшіп кеткен. Ірі көтерілістерге қатысқаны үшін 1929-1931 жылы ОГПУ органдары арқылы Қазақстанда 5551 адам жазаға тартылды, оның 883-і атылды. Туған жерінен қудаланып Қазақстан жерінен пана тауып, жаңа құрылысқа, жүйеге сіңісуі қиын болған халықтар құрамына тек сырттан келген халықтарды ғана жатқызбай, Қазақстанның қазақтарында жатқызу керек. 


1931 жылы Ф.И.Голощекин КСРО-ның орталық аппаратына Оңтүстік Қазақстаннан (сол жылдары Қызылорда облысының басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысына кіретін) 1500 жанұяны Қазақстаннан тыс жерлерге депортациялауға рұқсат сұрады. Оған берген жауабында «Қазақстан жері кулактарды депортациялау жері болып саналады, сондықтан Қазақстандықтарды Қазақстаның ішінде қоныс аудару мүмкіндігін қарастырыныз» - делінді. Осыған байланысты ондаған мың Қазақстандық Қазақстанның бір жерінен басқа жеріне көшіріліп жатты. Қоныс аударылғандардан бөлек 1930-1931 жылдары Карлаг лагерлерінде 6700 Қазақстандық болған екен, бұдан бөлек 1931-1933 жылдары Қазақстан түрмелерінде 2500-3000 қазақ ұлтының өкілдері сот үкімін күтіп жатты. 


Бұдан кейін халықтың, партияның, кеңес азаматтарының үндемейтінің түсінген билік басындағылар, бұл репрессиялық машинаны одан сайын жеделдетіп ұлтына қарай қудалауды бастады. Бүтіндей бір халықтарды депортациялауды Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының басшылығы соғыс қауіпі туғалы жатқан ауданда алдын алу жұмыстарын жүргізумен түсіндірді. 


Депортациялаудың екінші бір себебі, игерілмей жатқан жерлерді, тегін жұмыс күші қолымен игеру болды. Бұл орайда Батыс және Қиыр Шығыс шекараларынан қашықта жатқан, 30-шы жылдардағы ашаршылық себептерінен миллиондаған адамдарынан айырылған Қазақстан жері өте тиімді болды. 


Тарихшылар мен демографтардың пайымдауынша, ашаршылық жылдары Қазақстанда 1390 мың адамнан – 1759 мың адамға дейін, яғни сол кездегі Қазақстан халқының 35-42 пайыз халқы өлді деп санайды. Екіншіден, 1130 мың адам Қазақстаннан тыс жерлерге көшіп кеткен. Олардың 676 мыңы қайтып оралмады. Тек 454 мыңы кейін Қазақстанға қайтып оралды. Қазақстанның сыртына кеткен халықтың 200 мыңы Қытай, Монғолия, Ауғанстан, Иран, Түркияға кеткен.


Қазақстанға қудаланып келген халықтар қатарында Сталиндік жүйенің репресивтік аппаратының бұғауына түсіп, сотталып немесе атылып кеткендердің жанұя мүшелері болды. Сол заманда «әкесінің қылмысына баласы жауап бермейді» - деген ұстаным болсада – бұл іске аспай репрессияланғандардың әйелдері АЛЖИР-ге, балалары балалар үйіне беріліп жатты. 


Қазақстанда әліде толық емес мәліметтер бойынша 1920-1953 жылдар аралығында 102 мың адам репрессияланған екен. Ал репрессияның қызған 1935-1938 жылдары Қазақстанда 8,5 мың коммунист халық жауы атанды, бұлар сол кездегі Қазақстан коммунистерінің 17% құрады. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының басшылары билікті өз қолдарына алғасын өздерінің саясатына, көсемдік іс-қимылдарына қарсы келгендерді Қазақстанға қоныс аударуға кірісті. Бұл орайда Қазақстанға қоныс аударылған үлкен бір топ ұжымдастыру кезіндегі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының кеңістігіндегі ауыл-шаруашылық жүйесіндегі алдыңғы қатарлы шаруалар болды десек асыра айтқан болмас деймін. Осы орайда Ұлы Отан соғысы кезінде Жетісуға барған бір тілшінін көргенін келтіруге болады. 


«Әскердегі жуангерлерге сыйлықтар жинаған бір селоға барсақ, көшеде жан адам жоқ, алайда әр үйдің алдында машина келетінің білген болу керек бал, ет, жеміс-жидек, сүт өнімдері тағы көп нәрсені шығарып қойыпты. Бұл недеген байлық деген сұрағыма жүргізуші бұл кулактардын селосы, кезінде айдалып келіп қазір осында тұрып жатыр» - деді. 



Шындығында ұжымдастыру кезінде кулак-деп Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының жоспарлы экономикасына қарсы, әр жердің өз ерекшелігіне байланысты, нарықтың қатынасқа сүйеніп өз шарауашылығын дамытқан шаруалар оң мыңдап Қазақстан жеріне көшіріліп, осы жерден өз отанын тапты. Бұлар әр түрлі халықтың белгілі бір қаймағы болды десекте болады, бұлардан кейін Қазақстанға тұтастай бір жерде ұйып отырған халықтар көшіріле бастады. 1933 жылға қарай Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында 5300 орыс ұлтынан бөлек ұлттық ауылдық кеңестер және 250 ұлттық аудандар болған. Тек бір Ленинград облысында 57 ұлттық кеңестер мен 3 ұлттық аудан болды (Карел, Финн, Велский). 


30-шы жылдардың ортасында Ленинградта көптеген эстондар, латыштар, литвалықтар, финдер, поляктар, немістер түрмеге жабылды. 1935 жылы Ішкі Істер Халық комиссары Г.Г.Ягоданың 25 наурыздағы құпия нұсқауына сәйкес Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының солтүстік-батыс аймағындағы шекараға жақын жерлерден көптеген тұрғындар, негізінен финн-ингерманландтар басқа жерлерге көшірілді. Бұл депортацияның жаңа кезеңнің бастамасы болды. Финн зертеушілерінің мәліметі бойынша, депортацияға 18 мың финн азаматы бар, 4320 жанұя ұшырады деген мәлімет бар, ал Кеңес үкіметінен осы іс-шараларын финдерге қарсы геноцид деп санайтын В.Н.Земсковтың зерттеулері бойынша 23217 адамы бар, 5059 жанұя депортацияланды дейді. Олардың 15561 адамы Батыс Сібірге, 7354 – Свердлов облысына, 1998 – Қырғыстанға, 3886 – Тәжікстанға, 2122 – Солтүстік Қазақстанға, 6301 – Оңтүстік Қазақстанға көшірілді. 


Қазіргі Қызылорда облысынын басым бөлігі 1938 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысына кіретін. Бұл сандар бастапқы жоспардан көп, ал жоспарлар болса нақты халық есебімен жасалған. Сондықтан қосымша қай аудандардағы финдер депортацияға ұшырағаны белгісіз.  Ұлы Отан соғысы алдында депортацияға ұшыраған халықтар қатарында гректерде болды. Не себепті гректердің қудаланғаның тарихшылар әлі күнге дейін толық ашып бере алмай келе жатыр. 


1926 жылғы санақ материалдары бойынша Қазақстанда кейін Қазақстан құрамынан шыққан Қарақалпақстанды санамағанда бар болғаны 157 грек ұлтының өкілі тұрған екен. Гректерді депортациялаудың бастамасы 1937 жылы 11 желтоқсандағы КСРО Ішкі Істер Халық Комиссары Н.И.Ежовтың № 50215 директивасынан басталды. Мұнда: «Ішкі Істер Халық Комиссары грек ұлтшылдарынын шпиондық-диверсиялық, арандатушылық ұйымдарын әшкерледі. Олар Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы жерінде кеңес үкіметін құлатып, фашистік жүйедегі буржуазиялық мемлекет құрмақшы болды. Осыған сәйкес 15 желтоқсанда кеңес үкіметіне қарсы арандатушылық жұмыспен айналасты деген күдік бар барлық адамдар қамауға алынсын» - делінді. 10 күн ішінде 8000 грек қамауға алынды. Кейін «шетел барлаушыларын анықтау» ісі әрмен қарай жалғасты. Гректерді Ішкі Істер Халық Комиссары үштіктері емес арнайы кеңестер соттады. Әрбір он гректің тоғызы ату жазасына кесілді. 


1938 жылы лагерлердегі гректердің 200-і Қазақстан лагерлерінде болды. Кеңес гректерімен қоса лагерлерге Греция азаматтары да жіберілді. ГУЛАГ-тағы шетелдік азаматтығы бар сотталғандардың 11% Греция азаматтары болды. Греция азаматтарының Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында көп болуының себебі Түркияда гректерді қудалау басталғанда, олардың көбісі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын паналап Греция азаматтығынан айырылмағандар болды. Қазақстанға көшірілген бірінші лектегі халықтар қатарындағы келесі ретте Батыс Украина шекарасына жақын аймақтарға қоныстанған поляктар мен немістер болды. 1936 жылы олардың көбісі Қазақстаннын солтүстік аймақтарына қоныстандырылды. Бұл поляктадың бір бөлігі қазіргі Қызылорда облысы аймағына көшірілді. Бұл туралы нақты деректер мұрағаттардан табылған жоқ, алайда 1941-1942 жылғы деректерде, яғни поляк КСРО қарым-қатынасы түзелген кездегі мұрағат құжаттарында Қызылорда облысында поляк тілінде тәрбие беріп оқытатын балабақшалар мен мектеп сыныптарын ашу туралы мәліметтер бар және Қызылорда қаласына арналған фото альбомдарда «Поляктар Қызылордадан отанына қайтуда» деген Қызылорда вокзалы бейнеленген фото сурет бар. Бұдан облыс көлемінде поляк ұлтының өкілдері көп болғанын көруге болады. 


Қазақстанға қоныс аударылған халықтардың екінші легінде кәрістер болды. Қазақстандағы кәрістердің негізгі әкелінген жері Оңтүстік Қазақстан облысы болды. 1937 жылы Қызылорда облысының басым көп жері Оңтүстік Қазақстан құрамында болды, дәл осы Қызылорда облысына кәрістердің басым көп бөлігі әкелінді. Қазақтар кәрістерді қуана қарсы алды деуге болмайды, алайда өмір не істетпейді, қайран қазақ өз жерінде біреудің қиналып жатқаның көріп тұрды дейсің бе, көп ұзамай қыс алдындағы,күз суығы келе бастағанда көшіп келген кәрістерге, Ішкі Істер Халық Комиссариатының өкілдерінің аулақ жүріндер дегеніне қарамастан, қазақтар көмек қолын созды. Қазақтардың кәрістерге берген көмегі корей халқының революционері М.М.Кимнің қызы жазушы Э.Кимнің қаламымен ұшталған шығармасында Жұман атты қазақ ақсақалы бейнесінде жақсы сомдалған. 


Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ішкі Істердің Халық Комиссариатының мәліметі бойынша 1937 жылы Қазақстанға 90 эшелонмен 20789 жанұя, 98454 кәріс ұлтының өкілдері көшіріліп әкелінді. 1937 жылы көшіп келген кәрістер бірінші қысты өздері әкелген азық-түлікпен, киім-кешекпен қанырап қалған мешіттерде, қоймаларда, атқораларда, бұрынғы түрмелерде қыстап шықты. Аштық, жаппай ауру, әсіресе балалар,әйелдер, қариялар арасында кәрістерге қатты тиді. 


Қазіргі Қызылорда облысына қарасты Қазалы қаласына әкелінген 6000 кәрістің 250-ге жуық адамы бұрыңғы түрмеге, 750 адамы қоймаларға орналастырылды. Жаңа Қазалыға әкелінген 500 адамның 100 адамы мешітке, қалғандары пәтерлерге бөлініп, орналастырылды. Бұл пәтерлерде адам басына 0,5 - 2 квадрат метрден ғана орын болған кәрістер, өздерінің жаңа үйлері болған түрмелерді, мешіттерді, қоймаларды қамысты жағып қыздырды, керосин берілмеді. 


Қызылордаға қоныстанған 2000 кәрістің «жағдайы болды» деуге болады. Олар клубтарда, мешіттерде қоныстанды. Ал 400 адамы бұрынғы шошқа қораларда, 100-і кейін түрме болған, бұрынғы патша әкімшілігінің ат қорасында орналастырылды. Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Арал аудандарына қоныстандырылған кәріс жанұяларының жағдайларыда мәз болған жоқ. Отынның, керосиннің бағасының өсуіне байланысты олар көптеген кәрістерге қол жетімсіз болды. Осындай жағдайларда кәрістер 1937-1938 жылдың қысын қыстап шықты. 


1938 жылдың көктемінен кәрістерді көшірудің екінші кезеңі басталды, бұл жолы оларды Қазақстан ішінде бір өңірден екінші өңірге көшіру жүрді. Бұл үдеріске кәрістердің 60 % тартылды. 1938 жылдың 1 қыркүйегінен Қазақстандағы барлық кәріс тіліндегі мектептер жабылды, Қызылордадағы кәріс педагогикалық институты енді орыс, қазақ тілінде мамандар даярлай бастады. 134 атауы бар 120 мың кәріс тіліндегі оқулықтар институт ректорының ауызша бұйрығымен жойылды. Көптеген кәрістер ертең кәріс тіліндегі кітаптарды тауып алса қудалап жүрер деген оймен өздеріндегі кәріс тіліндегі кітаптарды жойып жіберді. Кәрістердің Қазақстанға көшіп келуі Қазақстанның ауыл шаруашылығының көтерілуіне жағдай жасады. Қазақстанға 30856 адамы бар – 104 кәріс жер шаруашылығымен айналысқан колхоз көшірілді, 5390 адамы бар 13 балық шаруашылығы колхозы, 10782 жұмысшы, 15047 қызметкерлер және тағы басқа мыңдаған аралас колхоз мүшелері, артель жұмысшылары, прииск тағы басқа жерлерде жұмыс істегендер келді. 


1937 жылы Орта Азия мен Закавказьедегі КСРО-ны шетел мемлекеттерімен шекарасында бөгде адамдарға кіруге болмайтын аймақтар құрылды және бұл аймақтарда тек сол жерлердегі ұлттың әкімшілік жүйесіндегі ұлттар ғана қалдырылып, басқа ұлт өкілдері Грузия, Армения, Азербайжан, Түркменістан, Өзбекстан, Тәжікстанның шекаралық 40 ауданынан шығарылып, басқа жерлерге қоныстандырылды. Осыған сәйкес Қырғыстанмен Қазақстанға 1325 курд көшірілді. 1937 жылдың соңына қарай Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарына 1121 армян және курд жанұялары көшірілді. 


1933 жылы Үкімет басына Германияда фашистер келгесін Гитлер Германияның экономикалық тоқыраудан шығудың жолы ретінде Азия, Латын Америкасы елдерінің нарығын бағындыруды көздеді. Аз ғана уақыт ішінде Германия Ауғаныстан, Иран, Түркия елдерімен сыртқы саудада үлкен жетістіктерге жетіп, бұл мемлекеттерді тек экономикалық жағынан ғана емес, сонымен қоса саяси жағынан, Германияға тәуелді қылғысы келді. Германияның Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының оңтүстік шекараларында күшейіп келе жатқанынан сескенген Сталин жағдайдың алдын алу іс-шараларына көшті. Солардың бірі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Түркмения, Азербайжан, Грузия, Армения Республикаларындағы ирандықтарды. 


1938 жылдың қарашасында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Халық Комиссариатының Кеңесі және Большевиктердің Коммунистік партиясының Орталық Кеңесі 11 қазанындағы қаулысына сәйкес Алматы облысына 300, Оңтүстік Қазақстан облысына 1710 ирандықтардың жанұясы көшірілді. Ұлы Отан соғысына дейін Кеңес үкіметі КСРО құрылғанда қабылдаған ұлттық саясатын өзі таптады. Ұлттық саясатты іске асыру орнына «тарих қажеттілігі» деген сөздер көбірек айтыла бастады. КСРО кезінде халықтарды түбейгейлі көшіруге апарған тарихи жағдайларды зерттеп түбіне жету орнына Сталин бастаған топ «шаш ал десе, бас алып, бас болмаса, проблема жоқ» деп ұлттық мәселені кезіндегі грек патшасы Александр «Гордиев узелді» шешкендей шешіп отырған. Халықтарды депортациялау кезіңде ол халықтардың тілдерін дамыту, мәдениетін, тарихи ескерткіштерін, табиғатын қорғау мәселелері мүлдем есепке алынбай тапталған халықпен бірге ол халықтың құндылықтары да тапталып жаты.  Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қазақстанның этно-демографиялық жағдайы үлкен өзгерістерге ұшырады. 


30-шы жылдардың басында аштық қырғыны Қазақстан халқын біраз күйзеліске ұшыратып, санын азайтып тастаса, соғыс алдындағы репрессия, ұлттық интеллигенцияны жоқ қылды деуге болады, ал басқа халықтарды күштеп Қазақстанға көшіре бастау, онсызда қиналып жатқан халықты одан сайын күйзеліске түсірді. Күштеп көшірілген халықтар негізінен ауылды елді мекендерге көшірілгенге байланысты ауылдың этнодемографиялық жағдайы, әсіресе бұрын қазақ ұлты ғана тұратын Оңтүстік Қазақстанның этно-демографиялық жағдайын күрт өзгертті.