Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл

2 512

Биыл қазақ поэзиясының жарқын өкілі, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Ақынның тағдыры туралы түрлі әңгімелер айтылады. Біз бүгін сол Алаш ардақтысының өміріндегі кейбір сәттер туралы жазылған естеліктерді шолып шықтық. 


Мағжан -  үш рет сотталған адам. 1929-жылы ұсталғаннан кейін, ол Беломорканалға, Медвежьегорск деген жерге түседі. Одан 50-60 шақырым жерде, Сосновецкіде Міржақып Дулатов болды. Міржақып Дулатовты әйелі Ғайнижамал іздеп барған. Ал, Мағжанға әйелі Зылиха барған.


1937-жылы Мағжанды ұстап алып кетердің алдында, үйде еді. Мен пельмен жасап жатыр едім. Ол риза болып әңгіме айтып, қасымда отырған. Бір кезде екі адам келіп, сол пельменді жегізбей алып кетті ғой. Содан кейін Мағжанды танитындар, Мағжанды үйіне қондырғандар, Мағжанның өлеңін оқығандардың бәрін шетінен ұстай берді. Мағжанның кітабының бәрін кәмпеске жасады. Енді қазақ Мағжанды көрмейтін шығар деп ойладым - дейді Зылиха апа.


Мағжанның хатын Сәбит Мұқановтың музейі өздері жариялады. Сәбит пен Мағжан екеуі бір жердің жігіттері ғой. Бірақ, Мағжан байдың баласы, соның пәуескесінде атқосшы болып Сәбит бір-екі рет қызмет көрсеткен жері бар екен. Содан Сәбеңде өзін кедейдің баласымын деген кек қалып қалған ғой. Сол кекті Сәбит Жазушылар Одағының төрағасы боп тұрған кезінде қайтарды ғой. Әйтпесе Мағжан оған көмектесіп, кезінде қолдаған.


Назым Сапар