Сыр елінде Республикалық аламан бәйге өтпек

1 802

Қызылордада 22 сәуір күні бәйгеден ҚР чемпионатының іріктеу кезеңін өткізу жоспарлануда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Дода жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұл мәлімдеді.


«Бүгінде ипподром сайысты өткізуге толықтай дайын. Өткен бәйгелерге қарағанда тіркелген аттар саны көп. Сайысқа қатысушы спортшылар Топ бәйге, Құнан бәйге және Аламан бәйге бойынша сынға түседі. Жүлде қоры – 35600000 теңгені құрамақ. Аламан бәйгенің жеңімпазы Astana Motors компаниясының демеушілігімен автокөлік иемденеді. Бәйге өте жоғары деңгейде өтіп, халықтың көңілін көтереді деп сенеміз», - деді Асылжан Зұлфқарұлы.


Бәйгеден бөлек ұлттық киімдердің байқауы өтеді.


«Ауқымды дайындықтар бүгінде өз мәресіне жетті. Бәйгеден бөлек, қыз-келіншектерге арналған  «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты костюмдер байқауы өтеді. Бұл байқауға елуден аса байқаушы өз бағын сынап көреді. Оған қатысатын бойжеткендер ұлттық киіммен шығып стиль жағынан сынға түседі. Жүлде қоры – 1 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ жүлде 500 мың теңгені құрайтын қол күрес, арқан тарту, гір көтеруден сайыстар өткізіледі», - деді Kazpetrol Group-тың PR менеджері Мейрамкүл Ходжаева.


Жалпы 200-ден астам шабандоз бақ сынайды.


«Биылғы жылы республика бойынша жеті іріктеу кезеңі болады. Ал соңғы қорытынды кезеңі Жамбыл облысында өтеді. Бірінші кезеңі 22 сәуір күні Сыр елінде бастау алады. Қызылорда облысынан қырық ат іріктеліп алынды. Дайындықтары өте жақсы. Жалпы республика тарапынан 210 шабандоз өз бағын сынайды», - деді Қызылода облыстық Бәйге федерациясының президенті Әділжан Ізтілеуов. 


Айта кетейік, шара Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Бәйге Федерациясы Республикалық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтеді. Сондай-ақ шараға Kusto group, Compass, Kazpetrol Group компаниялары серіктестік етеді.