B-FEST таланттар фестивалі мәресіне жетті
B-FEST таланттар фестиваліне 15 мыңға жуық оқушы қатысып, бақ сынады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ауыспалы кубокті Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі иеленді. Іс-шара аясында көрме ұйымдастырылып, оқушылардың қолынан әзірленген туындылар сатылымға қойылды. Одан түскен табыс көмекке мұқтаж жанның еміне жұмсалмақ. Айта кетейік, мұндай фестиваль елімізде бірінші рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.
«Жоғарғы буын санаты бойынша бағымды сынадым. Оған 12 қатысу-шы қатысты. 6 үздік оқушы номинация иегері атанды. Мен «Әлемді жарқырат» дизайн жобасының жеңімпазы атандым», – деді қатысушы Мейірлан Төлеуіш.
Айта кету керек, фестиваль бес бағыт бойынша өтті. B-DREAM PROJECT шеңберінде ғылыми-практикалық көрмелер ұйымдастырылып, жоба аясында мектеп оқушылары жаратылыстану ғылымдары, IT саласы, экономика және басқа да салалармен байланысты ғылыми жобалар қорғалды. B-ART аясында үздік мюзиклдер қойылып, бейнелеу өнеріндегі ең мықтылар анықталды. B-SPORT бағытында тоғызқұмалақ, футбол, баскетбол, волейбол жарыстарынан мықтылар алға суырылып шықты. B-Social аясында оқушылар бейнероликтер арқылы өз мектептерінің әлеуметтік жобалары мен еріктілер қозғалысын таныстырды. B-Bookman жылдам оқу, функционалды оқу, шешендік өнер және актерлік өнерді қамтыды.