«URKER» – 2023 ұлттық бәйгесіне өтінім қабылдау басталды

1 344

Баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы үздіктерді анықтайтын «URKER» – 2023 ұлттық бәйгесіне өтінім қабылдау басталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен мәлім еткендей, байқауға медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық, өңірлік және халықаралық радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар қатыса алады.


Өтінім қабылдау 2023 жылғы 9 тамыздан бастап 4 қыркүйекке дейін жалғасады.


Конкурcтық жұмыстар 2022 жылғы 25 қыркүйек пен 2023 жылғы 8 тамыз аралығында мерзімдік басылымдарда, интернет-ресурста жариялануы не радиоэфирде шықан болуы тиіс. Әр үміткер байқаудың тек екі номинациясына қатыса алады (екеуден артық емес).


Өтінімдер urker-awards.kz ресми сайтында 12 номинация бойынша қабылданады:


1. Жылдың үздік сұхбаты

2. Жылдың үздік репортажы

3. Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал

4. Жылдың үздік журналистік зерттеуі (Сейдахмет Бердіқұлов атындағы арнайы номинация)

5. Жылдың үздік аналитикалық материалы

6. Жылдың үздік жаңалықтар порталы

7. Радиостанциядағы үздік жоба

8. Жылдың үздік фотосуреті

9. Үздік өңірлік БАҚ

10. Үздік халықаралық БАҚ (баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы)

11. Үздік подкаст

12. Үздік YouTube каналы


Бәйгеге түсетін жұмыстарды (материалдарды) белді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық медиа сарапшылар – байқаудың тәуелсіз қазылар алқасы бағалайтын болады.


Әр номинация жеңімпазына «URKER» - 2023 естелік мүсіншесі мен 1 000 000 теңге мөлшерінде ақшалай сыйақы табысталады.


Ұлттық бәйге ұйымдастырушылары – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры.