Көшпенділер ойынына 8 млрд теңге жұмсалмақ

2 828

V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынының тек ұйымдастыру жұмыстарына 8 млрд теңге жұмсалмақ,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы  парламент мәжілісінің отырысы кезінде депутат Жанарбек Әшімжан айтты. Алайда, бізге сұхбат берген сарапшылар бөлінген ақшаның нақты қайда жұмсалып жатқаны жария әрі ашық болуы керек деп отыр.



 «Бұл – әлемдік этномәдени және этноспортты, ұлттық ойындарды жаңғыртуға арналған аса маңызды аламан. Ең алғаш 2014 жылғы Қырғыз елінде өткен додада 19 елден 583 спортшы ғана бақ сынаған. Кейін бұған дүниежүзінің назары ауды...», – деген Жанарбек Әшімжанды шараға қызу дайындық жүріп жатпағандығы алаңдатады.


Депутаттың сөзінше тек қана шараны ұйымдастыру жұмыстарына 8 млрд теңге қарастырылған. Бірақ басты сайыстар өтетін нысан ретінде Астана қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» иппадромы, «Жекпе-жек» сарайы және «Алау» мұз сарайы бекітілген, алайда инфрақұрылымдарды реттеуге бір тиын бөлінбеген. Жанарбек Әшімжан шара елдегі ұлттық спортты дамытып, келуші туристердің санын көбейтеді деп есептейді.


Ал V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынын ұйымдастыруға ғана жұмсалғалы отырған 8 млрд теңге спорт тілшісі Аслан Қаженов үшін тым көп екен. Ол бізге берген сұхбатында бұл қаражат орынды жұмсалмай қалуы мүмкін деген алаңдаушылығын білдірді

Бірақ Аслан Қаженов әсіресе, халықаралық, құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жарыстар елдегі инфроқұрылымдарды түзеп алуға, сосын спортшылардың жұлдызын жағуға және мықты спортшылармен жарысып, тәжірибе жинауға зор мүмкіндік деп есептейді:

 

"Мұндай шаларады барлық елдер сол мақсатта ұйымдастырады. Көшпенділер ойыны біздің елде өтетінін ең алғаш естігенде қуанғандардың бірі мен болдым. Себебі бізде Ұлттық спорттың жағдайы өте мүшкіл. Бұл жарыс серпін беріп, назар аударады және қажетті ипподромдар мен басқа да жарыс алаңдары салынып, осы саланың өзі де, жүйесі де түзеліп қала ма деген үмір бар».


Айта кетсек, V Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өтеді деп жоспарланған. Қазірдің өзінде Көшпенділер ойынына қатысуға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш берген. 100-ден аса елден 3000-нан аса спортшылар қатысады деп жоспарлануда.