Үш бірдей қазақ фильмі «Азия Оскарын» жеңіп алды

2 502

Австралияда Asia Pacific Screen Awards азиялық беделді киносыйлығы өз жеңімпаздарының есімдерін жариялады,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Биыл үш қазақстандық фильм – Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу», Дархан Төлегеновтың «Ағайынды» және Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» картиналары жүлдегерлер қатарына енді. Айта кететін жайт - үш фильм де режиссерлердің дебют жұмысы.


Оның ішінде екі фильм, атап айтсақ, «Бауырына салу» мен «Ағайынды» Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген.


«Бауырына салу» «Үздік жастар фильмі» номинациясында жеңіске жетсе, «Ағайынды» картинасында басты рөлдерді сомдаған Айбар Салы мен Әлішер Исмаилов «Үздік жаңа қойылым» үшін жүлдеге ие болды.


Ал «Қаш» туындысы «Үздік операторлық жұмыс» номинациясында марапатқа ие болды. «Бауырына салу» фильмі сәби кезінен әжесінің тәрбиесінде болған баланың оқиғасын баяндайды.


«Ағайынды» фильмі өткен жылдың қыркүйегінде Германиядағы Oldenburg International Film Festival фестивалінде «Кино рухы» сыйлығын жеңіп алған болатын, ал осы жылдың сәуір айында Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы бұл картинаны 2022 жылдың «Үздік драмасы» деп таныды.


Сонымен қатар, «Ағайынды» — Италия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания және Болгариядағы халықаралық кинофестивальдерде 10 марапатқа ие болды.