Астанада жаңа музей ашылды
Астанада Қазақстан футболының музейі ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстан футболының 110 жылдығына орай, сондай-ақ отандық футболды насихаттау мақсатында Астана қаласында Қазақстан футболының музейі ашылды.
Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап. Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтың бастамасымен ашылған музейде Қазақстан футболының тарихи кезеңдері көрсетілген. Есімі аңызға айналған футболшылардың жетістіктері мен спорттық мансабындағы маңызды сәттері бейнеленген жәдігерлер де осында. Музейдің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев және ұлттық құрама ойыншылары Бауыржан Исламхан мен Ян Вороговский қатысты.
Сондай-ақ "Астана" футбол орталығының шәкірттері мен Қазақ футболының ардагерлері бас қосты. Осыған орай Қазақстан футбол федерациясына ФИФА және УЕФА-дан құттықтау хаттары келіп түскен екен.
Айта кетейік, музейге кез келген адам Қазақстан футболының тарихына қатысты жәдігерлерді тапсыруына болады. Музей жұмыс күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін істейді. Музейге кіру үшін алдын-ала өтініш қалдыру қажет.