"Салтанат" мемлекеттік би ансамблінің концерті өтеді

2 508

"Салтанат" мемлекеттік би ансамблінің концерті өтеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР еңбек сіңірген "Салтанат" мемлекеттік би ансамблі Алматы қаласында тәуелсіздік күніне және ҚР халық әртісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, хореография профессоры, бар өмірін қазақ өнеріне арнаған талантты биші, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер Дәурен Әбіровтың 100 жылдығына орай "Тәуелсіздік - тұғырым" атты концерт өткізуді жоспарлап отыр.


Бүгінгі таңда "Салтанат" мемлекеттік би ансамблі ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлігін толық насихаттай алатын кәсіби ұжымдарының бірегейі. Ансамбльдің репертуары қазақ халқының ұлттық билері мен әлем халқының мәдениеті көрініс тапқан 150 би қойылымдарын қамтиды. Ұзақ жылдар бойы халқымыздың мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін  би құдіретімен насихаттап, қазақтың өнерін дүние жүзіне танытып келеді. Балет артистері шынайы сенімділікпен кәсіби шеберліктері, жоғары орындаушылық техникасымен бидің ұлттық ерекшеліктерін, таңғажайып бейнелердің жарқын көрінісін ашты.


Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің концертінде тұңғыш рет Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен қазақтың ұлттық және әлем халықтарының билері, дәстүрлі және классикалық әндер ұсынылады. Кеш қонақтары: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, бас дирижер «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Есенгелді Ырза, Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары Венера Алпысбай, Нұрғалым Аманбай, Шаттық Уатқан.


Өтетін күні: 20 қараша сағат 19:00-де


Өтетін жері: Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры,     


       Қабанбай батыр көшесі, 110.          


Толық ақпарат: 8 747 490 52 62 Ұ.Айнақұлова