МЕМЛЕКЕТТІК ТЕАТРЛАРДА ЕКІ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАНДЫ
Аймақтарда 22 мәдениет нысаны бой көтеріп, мемлекеттік театрларда 200-ге жуық жаңа қойылым сахналанды. Ал киноматографияда мемлекеттік қолдаумен 18 фильмнің өндірісі аяқталып, көрермен назарына ұсынылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл былтырғы жылдағы жетістік. Сондай-ақ «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы қайта беріліп, ел дамуына еңбегі сіңген қаламгерлер марапатталды. Мәдениет – идеологияның басты құралы. Сондықтан, руханиятты дамытуды бірінші межеге қоюдан ұтылмаймыз, дейді сала өкілдері. Соңғы уақытта өнердің өркендеп, әдебиеттің дамуына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. «Айбоз», «Ұмай» ұлттық сыйлықтарының тағайындалуы шығармашылық ынтаны оятып, жаңа туындылардың жазылуына ықпал етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында белсенді азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызын атап өткен болатын. Нақты міндеттер де айқындалды. Бұл ретте «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы пысықталып, қабылданды. Қазіргі таңда елімізде 23 мыңнан астам Үкіметтік емес ұйым тіркеліп, оның ішінде 18 мыңы белсенді жұмыс істейді.
Елімізде креативті индустрияны дамыту туралы заң жобасы әзірленуде. Мәдениет және ақпарат министрлігі шығармашылық салаларды қолдау мен дамытудың пакетін дайындап жатыр. Экономиканың бір секторы ретінде айқындалған бағытты жете түсінбей жатқандар да бар. Сол үшін өңірлерде креативті хабтар құру жұмысы қолға алынды. Түрлі семинарлар өткізіліп, зияткерлік жұмыстардың нәтижесін қаржы көзіне айналдыру жолға қойылады.
Театрға баратын көрерменнің де қатары көбейіп келеді. Былтыр 2 миллионға жуық адам мәдениет ордасынан рухани азық алған. Отандық авторлардың 24 кітабы таныстырылып, оқырманға жол тартты.
2023 жылы Телерадио хабарларын тарату саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жетті. Қазақстан халқының 93 процентінен астамы цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтамасыз етілді. «24kz» телеарнасын жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Телеарналарды шетелде таратуды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Қазірдің өзінде "24 кз" арнасы Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия, Грузия, Германия, Өзбекстан және Түркіменстан аумағында қолжетімді.