Журналист мәртебесі күшейді: Медиа саласы жаңа құқықтық кезеңге өтті
Қазақстандағы медиа саласы соңғы жылдары құқықтық, институционалдық және технологиялық тұрғыдан жаңа кезеңге өтіп жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі ertenmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақпарат ағыны жылдамдаған, әлеуметтік желі қоғамдық пікірге тікелей әсер ете бастаған, жалған ақпарат пен манипуляция күшейген қазіргі жағдайда журналистикаға қойылатын талап та өзгерген. Бұрын медиа көбіне жаңалық жеткізетін құрал ретінде қабылданса, қазір ол қоғам мен мемлекет арасындағы сенім көпіріне, азаматтық бақылау алаңына, ұлттық мүдде мен қоғамдық жауапкершілік тоғысатын маңызды институтқа айналған. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы медиа саласына мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі бір ғана қаржылық көмекпен шектелмейді. Бұл бағыт бірнеше үлкен арнадан тұрады. Біріншісі – заңнамалық негізді жаңарту. Екіншісі – журналистің кәсіби мәртебесін күшейту. Үшіншісі – БАҚ-тың мемлекеттік органдардан ақпарат алу мүмкіндігін кеңейту. Төртіншісі – сапалы контент өндіруге жағдай жасау. Бесіншісі – өңірлік медиа мен цифрлы контент авторларын қолдау. Алтыншысы – журналистердің кәсіби білімін арттыру және медиа саласын жаңа технологиялық талаптарға бейімдеу.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі осы бағыттардың басында тұрған негізгі мемлекеттік орган саналады. Министрлік мәдениетпен қатар ақпарат, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, діни қызмет, жастар және отбасы саясаты, этносаралық және конфессияаралық келісім, медиация, ішкі саяси тұрақтылық сияқты кең ауқымды салаларға жауап береді.
Медиа саласындағы ең ірі құқықтық өзгерістің бірі- «Масс-медиа туралы» заңның қабылдануы. Бұл құжат Қазақстандағы ақпарат кеңістігінің қазіргі табиғатын ескеруге бағытталды. Өйткені бүгінгі медианы тек газет, телеарна немесе радио арқылы түсіндіру жеткіліксіз.
Интернет-басылымдар, цифрлық платформалар, әлеуметтік желілер, блогерлер, мультимедиялық редакциялар, подкаст, видеоформат және онлайн трансляция журналистиканың жаңа экожүйесін қалыптастырды. Сондықтан жаңа заңда «масс-медиа» ұғымының кеңеюі ақпарат саласын заман талабына жақындататын қадам ретінде бағаланған.







