Құралай Мейрамбек: Қазақты әлемге танытамын!

2 511

Бұлбұл дауысымен көпшілікті таңқалдырып, талай киелі сахнаны бағындырып жүрген Сыр бойының өнер өкілдері аз емес. Солардың арасынан топ жарып, күллі халықтың қолдауы мен қошеметіне ие болып жүрген қоңыр үнді Құралай Мейрамбек қазақ елінің шашбауын әлемдік дәрежеде көтеруде. Құралай «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы, ҚР Мәдениет және өнер саласының үздігі атанған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Жас әнші Қызылорда облысының Амангелді ауылында дүниеге келген. Өнер жолын небәрі 5 жасынан бастаған. Бала кезінен әлемдік сахнада өнер көрсетіп, мәдениетке жаңа серпін беруді армандаған. Ең алғаш «Ботақан» балаларға арналған байқауына қатысып, жеңімпаз атанған. Құралайдың талантына ата-анасы әрқашан қолдау танытып, өнер иесінің арманына кісен салмағаны мәлім. Өйткені Құралайдың екі әпкесі де өнерден кенде емес.


Кейіпкеріміздің айтуынша, талай талантты тұлғалардың басын біріктірген «Қазақстан дауысы» жобасына қатысу – балалық шағының ең үлкен арманы.Түркі халықтарының ұлы ойшылы, жырау, Сырдың бойын мекен еткен Қорқыт бабаның құрметіне арналған «Қорқыт-қобыз» әнін өзгеше шырқап, республикалық байқаудың алғашқы кезеңінен өтті. Қазылар алқасын таңқалдырды. Сәкен Майғазиевтің тәлімгерлігімен жобаның барлық кезеңінде жеңіске жетіп, бас жүлдені қанжығалады. Әлеуметтік желідегі Құралайдың жанкүйерлері «әлем танитын ғажайып қыз» деп жүрекжарды тілегін жолдап келеді.


Сырдың сандуғашы атанған Құралай Сәкен Майғазиевпен бірге Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, концерттік тур өткізген. Талайдың қошеметіне ие болып, жұртшылықтың ілтипатын алды.


Құралай – жаратылысынан барлық мүмкіндікке ие қыз. Орындаушылық шеберлік, дауыс, сезім – Құралайдың бойынан табылатын дарынды қасиеттер. Менің тәлімгерлігімде болған кезде берген тапсырмалардың бәрін мүлт етпей орындай алды, – дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев.


Жезтаңдай қыз алтын дауысты аға-әпкелерінің әнін жаңғырта шырқап жүр. Қазақ мәдениетінің майталмандары да Құралайдың өнеріне жоғары баға береді. Сондай-ақ, жас талант «Жан әке», «Өмірім-өнерім» және «Неліктен қиын?» туындыларын халық назарына ұсынып, өнерде ізін қалдыруда.


Ол 13 жыл қатарынан ұйымдастырылған «Түрік олимпиадасынан» ең алғаш болып жеңіс тұғырынан көрінген. Осы жылдың шілде айында ұйымдастырылған «Славян хиті» байқауында да жүлдесіз қалмады. Сонымен қатар Болгарияны бағындырып, Халықаралық «САРАНДЕВ» ДОБРИЧ – 2023» жарысынан Гран-При иегері атанды. Жақында ғана Ұлыбританияда өткен Халықаралық «Golden Time Talent» байқауында «Қорқыт-қобыз» әнін шырқап, жүлделі I орынды иеленді.

Қазақ елінің мерейін күллі әлемге үстем етуді мақсат тұтқан Құралайдың белесі әлі алда.