ҚХР Төрағасының Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында «Идеялар өзгеріс әкеледі» бағдарламасында қазақ-қытай достығын дамытуға зор үлес қосқан тұлғалар қонақ болды. Түсірілім Алматы қаласында өтті. Бұл жайында Dimashnews мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жобаның бас кейіпкері Димаш Қытайдағы көктем фестивалінде алғаш өнер көрсеткен кезде басынан өткен жағдайларды айтып берді.
«Ең танымал перформансым ретінде есімде мәңгі қалып кетті. 2018 жылы достарым Тиа Рэй және Сяо Цзинтенмен бірге өнер көрсету құрметіне ие болдым. Біз қытай тілінде ән айттық. Қатты уайымдағаным есімде. Әрине, сахнаның алдында қобалжу, жауапкершілікті сезіну — қалыпты жағдай. Соған қарамастан ол кеш көңілді және тамаша өтті! Дәл осы сәт маған Қытайдағы фанаттар санын көбейтуге көмектесті. Ал I am a Singer шоуына қатысқаннан кейін Қытайда ғана емес, бүкіл әлемде үлкен концерттерде өнер көрсете бастадым», — дейді орындаушы.
Ол Қытай халқына 22 жастағы Димашты әлемге көрсетіп, танытқаны үшін шексіз риза.
«Мойындауым керек, осыдан кейін менің өнердегі тасым өрге домалай бастады. Жалпы қытай көрермендері менің жүрегімде ерекше орын алады. Қытайға қанша барсам да, қанша рет өнер көрсетсем де, олардың маған деген сый-құрметі мен махаббаты мені таңқалдырады. Солардың арқасында шабыттанып, жұмыс істеп, еңбектенуге екі есе талпына бастаймын», — дейді Димаш.
Димаш Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзамен алғашқы кездесуі және Сиань қаласында өткен «Орталық Азия-Қытай» саммитінде сөйлеген сөзі туралы естелігін бөлісті.
«Бір-екі апта бұрын қоңырау шалып, концертке шақырды. Осы шақыруды қабылдағаныма өте қуаныштымын. Егер менің жұмысым елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың нығаюына қандай да бір септігін тигізсе, менен асқан бақытты адам бола қоймас. Президенттерге артылған жүктің ауыр екенін, әрине, білемін, түсінемін. Екі елдің достығына орай екі ән жазғаным есімде. Бірінші ән қытайша, екіншісі қазақша жазылды. Менің көрсеткен өнерім Қытай президентіне ерекше әсер етіп, ұнатып қалыпты. Бірден байқағаным — ол кісі рухани тұрғыда кемелденген адам. Әнді толыққанды түсінуге тырысып, сезініп, толғанады. Жалпы өте мәдениетті кісі екені бірден аңғарылады. Си Цзиньпин мырзамен алғаш рет 2017 жылы I am a Singer жобасынан кейін кездескен болатынмын. Әнді орындап болған соң ол кісі маған келіп, жалпы мен туралы және менің өнерім туралы, Қытайдағы ерекше танымалдығым туралы өз пікірін айтқаны есімде. Маған батасын беріп, өнеріме жанкүйер екенін, сондай-ақ, әйелі де менің өнердегі жолымды бақылап жүретінін айтып, ерекше әсерлендірді. Бұл, әрине, мен үшін өте қуанышты және сонымен қатар зор жауапкершілік жүктеген оқиға болды», — дейді Димаш Құдайберген.
Сол сәттен бері 7 жылдан астам уақыт өтті.
«Осы уақыт ішінде мен Қытай мәдениеті, Қытай тарихы өте терең және ауқымды екенін түсіндім. Біз бар болғаны көрші елміз. Мәдени тұрғыдан алғанда, осы бағытта біздің саланың барынша көп өкілдері жұмыс істегенін қалаймыз, өйткені бүкіл әлем, мысалы, Джеки Чанның кім екенін біледі. Қытай мәдениетінің қандай екенін бәрі біледі. Сол себепті мәдениетімізді, елдігімізді әлемге дәріптейтін қазақстандық жігіттер қытай өнерпаздарымен бірлесіп жұмыс жасау керек. Әрине, осыған байланысты Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасу одан әрі жандана түсетіні сөзсіз. Ал, осы орайда Қазақстан мен Қытай өте жақсы дипломатиялық қарым-қатынастағы елдер екеніне де қуаныштымын. Менің міндетім — бейбітшілікті, сүйіспеншілікті, түсіністік пен достықты қолдау. Мен тек Қытай мен Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, бүкіл әлемдегі тыңдармандар мен көрермендерге жеткізгім келетіні: халықтар арасында тек бейбітшілік пен келісім орнап, соғыссыз бейбіт өмір орнағанын қалаймын», — деп ағынан жарылады әнші.