“Рух падишасы” Несіпбек Айтов дүниеден өтті

2 610

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы дүниеден өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz"  ақпарат агенттігі.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ақын Несіпбек Айтұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Несіпбек Айтұлы ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді өркендетуге сүбелі үлес қосып, руханият саласының алға басуына күш-қайрат жұмсады. Қазақстан тәуелсіздігінің жыршысына айналған ақынның тартымды туындылары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына мол әдеби-мәдени мұра қалдырған Несіпбек Айтұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған Тоқаевтың жолдаған жеделхатында.

Несіпбек Айтұлы 1950 жылы 22 қыркүйекте Тарбағатай тауында дүниеге келген. 12 жасында ата-анасымен бірге атамекеніне оралады. Орта мектепті бұрынғы Семей облысына қарасты Баршатас ауылында оқыды.


Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастаған. 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.


1974-1984 жж. «Балдырған» журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасында редактор, 1984-1994 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1995-1996 жж. «Ақын» қауымдастығының директоры, 1997-2001 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болып, 2001 жылдан бері Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет істеген.


Сондай-ақ, Несіпбек Айтұлы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы “Бәйтерек” поэмасын жазды.