Белгілі қазақ әншілерінің ұстазы коронавирустан көз жұмды

465
80 жастан асқан шағында белгілі қазақ әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, өнер қайраткері, атақты педагог Люция Төлешова қайтыс болды.

Қаралы хабарды қазақстандық театр режиссері Асхат Маемиров өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жеткізді. 


"Бүгін 80 жастан асқан шағында қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор, елімізде тұңғыш рет "Эстрадалық вокал" кафедрасының негізін салған қайраткер жан Люция Қажығалиқызы Төлешова әлемді жайлаған індеттен дүние салды. 


Мәскеудегі Гнессиндер атындағы музыка академиясын тәмамдаған Люция Төлешова өзінің саналы ғұмырын кәсіби эстрада өнеріне арнады.


 Соңғы демі үзілгенше Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының "Эстрадалық вокал" кафедрасының профессоры болып еңбек етті. 


Люция Қажығалиқызы тәрбиелеген шәкірттер - Т.Забирова, Б.Шадаева, С.Майғазиев, Б.Мұхитдинова, Г.Қаспақова, М.Мүсірәлі, Ж.Арыстанбаева, Ә.Каримов, Қ.Түнтеков, Б.Құлғараев, Б.Ретбаев т.б. Қазақстанның өнер кеңістігінде белгілі әншілер мен орындаушыларға айналды. 


Жүрегі "Өнер" деп соққан Люция Қажығалиқызымен өмір мен өнер жолында әріптес болдық, сыйластық.


 Өмірде ерекше қадір тұтқан Люция Қажығалиқызының ой-армандары мен мақсаттары көп еді... Ажалға не шара?!


 Отбасына, тума-туысқандары мен әріптестеріне, барлық шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамын", - деп жазды ол. 


Әнші Люция Төлешованың орындауында Қазақ радиосының «Алтын қорында» 347 ән бар. Люция Қажығалиқызы алыс-алыс ауылдарды, шалғай елді мекендерді аралап өнер көрсетсе, Мәскеудегі Орталық телеарналардан жиі көрініп, Минск, Киев, Кишинев сахналарында әлденеше ән салған.


 Сонымен қатар Грузия, Армения, Азербайжан, Прибалтика елдерінде, Чехославакия, Германия, Финляндия сынды шетелдерде қазақ эстрадасын дәріптей білді. 1975 жылы Литвада Жеңістің 30 жылдық мерейтойында Жақсыгелді Сейіловтың «Ана туралы баллада» әнін нақышына келтіріп орындап, дипломант атанғаны бар.