Astana Opera театры қарағандылық көрермендерін қуантты
728
Astana Opera мемлекеттік опера және балет театры қарағандылық кеншілерге арнап италиялық маэстроның туындысын сахналады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Елордалық балет группасы Арқа жеріне ат басын тіреп, К.Станиславский атындағы облыстық драма театрының сахнасында өнер көрсетті. Қарағанды гастрольдік турдың үшінші қаласы. Бұған дейін іргелі ұжым Павлодар, Екібастұз қалаларында болған. Бағдарламада театр жас көрермендер үшін «Музыка әлемі» бағдарламасын және ересектерге арналған италиялық композитор Джоаккино Россинидің «Жібек саты» атты бір актілі опера-фарсын жұрт назарына ұсынды.
Айта кетсек, танымал астаналық опера театрының гастрольдік сапар ұйымдастыруына ERG арқау болып отыр. Қазақстанның әр аймағында өткізіліп жатқан өнер қойылымының негізгі көрермендері кеншілер болуда. Павлодар қаласынан бастау алған Astana Opera-ның гастрольдік сапары Қарағандыда жалғасын тапты. Алдағы уақытта балет труппасы Рудный мен Ақтөбеде өнер көрсетеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер Абзал Мұхитдиновтың сүйемелдеумен Astana Opera симфониялық оркестрі орындаған сазды әуен де қойылымның ажарын аша түсті. Абзал Мұхитдинов бұл шығарманы Джоаккино Россини 18-20 жасында жазған дейді. Музыкалық туынды қысқа әрі шағын. Сахнада тек алты солист өнер көрсетсе, оркестрде 22 адам бар.
“Жалпы, “Жібек саты” операсының кейбір орындаушылық күрделігіне қарамастан, көрермен қауым оны жеңіл қабылдайды. Бұл тақырып өмір шындығы көрерменді бей-жай қалдырмасы анық. Екіншіден, басынан аяғына дейін біз күлкілі оқиғаның дамуын көреміз, ал шарықтау шегіне жеткенде барлығы бақытты және көңілді. Аталмыш опера туындысының міндеті – адамдарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Соған қарамастан, сахнада әзілді көрсету өте қиын, сондықтан әртістерде міндетті түрде актерлік білім мен қабілет болуы шарт. Солистердің көрерменге қуаныш пен шаттықты жеткізе білуі өз алдына, итальян тілін білмейтін тыңдарман сахнада не болып жатқанын олардың ишарасынан, актерлік қабілетінен түсіне алуы тиіс. Ең бастысы, көрермен ғажап туындыдан ләззат ала алса, қойылым өз мақсатына жетті деп есептеймін”, – деп бөлісті маэстро.
Спектакльдегі басты кейіпкер Джулияның партиясын опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Үлкен опера» телевизиялық жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова орындады. Джулияның ғашығы Дорвильді Артур Габдиев ойнады. Руслан Совет көрерменге Дормонт рөлінде шықса, Алтынбек Әбілда Джерманоның кейпін сомдап шықты. Бланзак пен Лючилланы опера әншілері Евгений Чайников пен Татьяна Вицинская сахналады. Әртістер қарағандылық тыңдарманның ықыласына тәнті болғанын айтады.
“Мен кеншілер өлкесіне келгеніме өте қуаныштымын. Бұл қалаға жеке шығармашылық концертпен де келгенім бар. Мәдениетті, әсіресе классикалық музыканы аса жоғары бағалайтын тыңдарманның қарасы қалың. Өйткені, көрермендер мұндай спектакльдерді сағынған. Мұны қарағандылық көрерменнің бізді жылы қабылдауынан аңғардық”, – деп атап өтті Евгений Чайников.
Осылайша, көптен күткен классикалық өнердің жаһар туындысы көзі қарақты көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады. Рухани ләззат сыйлады. Жібек сатымен көтерілген жақұт махаббат жүрекке жетті.