Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай бес томдық шығармалар жинағы жарық көрді
Қарағандыда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының165 жылдығына орай бес томдық шығармалары жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңа жинақты алдағы уақытта облыстың 6 кітапханасына, 5 мешітіне және 5 мектебіне сыйлау жоспарланып отыр.
Рухани шараға дін істері, білім беру және мәдениет басқармаларының өкілдері қатысты. Жиын барысында олар әулие ақынның жырларын талдап, ойларын ортаға салды. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық филиалының басшысы Индира Тоқмырза ақын еңбектерінің өскелең ұрпақ тәрбиесіне ықпалы зор екенін айрықша атап өтті.
«Қоғамға, біздің руханиятынмызға қосатын үлесі мол. Өйткені, жалпы адамгершілік қасиетке, жалпы дүниетанымды кеңейтуге көмектесетін керемет жауһар дүние. Кітап адамның зейінін ашады. Ал, мектеп – тәрбиенің басты негізі. Соныдықтан, осы ұйымдар арнайы таңдалып алынды», - дейді ол.
Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің аты аңызға айналуына ақындығы ғана емес, көрегендігі де себеп болған. Ол еліміздің тұрмысын, салт-санасын зерттеп, болашағын болжап кеткен. Сонымен қатар, діни дүниетанымдық мәселелерді қозғап, этикалық, моральдік жағын жырларына қосқан.
«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз ұлтымызға үлкен рухани азық қалдырған жан. Бүгін міне, біздің облысымызда 5 томдық осы кітап мешіттерге ұсынып жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл құнды мұра болашақта елге рухани азық болады деп ойлаймын. Бұл туындылардың бір адамның өміріне азық болар мәні бар ғой. Жастарға да өз болмысын тануға үлкен үлес қосады деп сенемін», - дейді Қарағанды облысы дін істер басқармасының басшысы Жанболат Сектай.
Бұл бес томдық – ақынның бұрынғы қолжазбасын негізге ала отырып, екшеліп, сұрыпталған мұра. Онда жинақталған әр шығарма бүгін де құндылығын жойған жоқ.