Мәдениет саласы бойынша кеңейтілген алқа мәжіліс өтті

2 169

Фото: Қармақшы ауданының әкімдігіҚармақшы ауданы әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлының төрағалығымен мәдениет саласы бойынша кеңейтілген алқа мәжілісі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Алқа отырысына кент, ауылдық округ әкімдері, мәдениет бөліміне қарасты барлық мекеме басшылары мен қызметкерлері, ауылдық мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлері қатысты.

Мәжілісте «Қармақшы ауданы бойынша мәдениет мекемелерінің 2024 жылдың 8 айында атқарылған нәтижелі жұмыстары, өзекті мәселелер және алдағы міндеттер туралы» аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы баяндама жасады. Сонымен қатар Ш. Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, К. Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйі директорының міндетін уақытша атқарушы қосымша хабарлама жасады.

Мәжіліс төрағасы мәдениет мекемелеріне бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Олардың қатарында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтарының жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыру, ауданның жас таланттары мен өнер ұжымдарын халықаралық, республикалық және облыстық байқауларға белсенді түрде қатыстыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мәдени және клуб үйірмелеріне тарту жұмыстары атап өтілді. Сонымен қатар, барлық мәдениет мекемелерінің жылу беру маусымына дайындықтарын жоғары деңгейде қамтамасыз ету, көркемөнерпаздар ұжымдарының мерекелік іс-шараларда өнер көрсетуін тиімді ұйымдастыру, мәдениет саласындағы іс-шараларды жаңашылдықпен өткізу қажеттігі айтылды.

Бұдан бөлек, мәдениет саласындағы басқа да маңызды жобалар бойынша нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, мәдени мекемелерде тазалықты қадағалап, «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысу қажеттігі ерекше тапсырылды. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, мәдени іс-шараларды кеңінен насихаттау, «Халық театрының» жаңа қойылымын дайындау, «Әлемbook» жобасын жандандыру, «Үздік оқырман» жобасын іске асыру және «Түнгі кітапхана» жұмысын ұйымдастыру жөнінде нақты міндеттер қойылды. Жыр-терме үйірмелерінің қызметін дамыту, үйірме ұстаздары мен шәкірттерінің облыстық және республикалық іс-шараларға қатысу деңгейін арттыру жұмыстары да баса назарға алынды.