ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

2 452

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігі Жалағаш ауданында Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

 Шараға аудан басшылығы бастаған бірқатар ел азаматтары, аудан тұрғындары қатысты.

 Салтанатты шарада аудан әкімі А.Ибраимов аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.


«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ қашанда қарттарын қадірлеген ұлт.Осы ретте Сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Аға буынның тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бірлік пен татулықты, бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді.Өскелең ұрпақ үшін Сіздер борышқа адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің, жеңіске деген өшпес ерік-жігердің үлгісісіздер! Барлық уақытта адамзат үшін қарттардың даналығы жастар үшін баға жетпес байлық болып табылады. Құрылғанына 85 жыл толып отырған ауданымыздың тарихында Сіздердің еңбек жолдарыңыз, қосқан үлестеріңіз алтын әріппен жазылып, кейінгі ұрпаққа жетіп отыр. Уақыт өтсе де ардақты ағалардың өнегелі де өрелі істері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек» деген аудан әкімі бірқатар ардагерлерге алғыс хат табыстады.

Мерекелік шара барысында ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне  ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қазыналы қарттарымыздың орны ерекше екенін жеткізген аудандық ардагерлер Оспан Тәуекелұлы, Қосым Жүсіпбекұлына  «Қызылорда облысының Құрметті ардагері», Өміртай Кемелов, Ұлшара Салықбаева, Күлдәрай Пірімжановаға «Жалағаш ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етті.

Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбітшілікте, тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан ардақты ардагерлер, қазыналы қарттарымыз деп есептейміз. Міне, бүгінгі күн – саналы ғұмырларында тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. 


Қарттар күні – халықаралық мерекесі 1990 жылдың 14–інші желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясында ресми бекітілген. Халықаралық қарттар күні 1991 жылдан бері 1 қазанда тойланып келеді.

Осы күндері елімізде 2,3 миллионнан астам қарт бар. Аталған мерекенің мақсаты – қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, олардың мәселелері мен қажеттіліктеріне және өмір сапасын арттыруға назар аудару әрі қамқор болуды көздейді.

Жыл сайын аталған мереке күні құзырлы органдар және облыс, қала, аудан әкімдері қарттарды құттықтап жатады, түрлі форматта мерекелік шаралар ұйымдастырылып келеді.

Еліміздегі 79 белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қариялар бос уақыттарын өткізіп, сүйікті істерімен шұғылданады.



1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне арналған салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.