Қазақстанда археологиялық жұмыстарға 5 жылдық лицензия енгізілді

2 511

Фото:© Мәдениет және ақпарат министрлігіАстанада тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау саласындағы заңнамалық өзгерістер мен олардың іске асырылу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізілді,- деп хабарлайды Opennews.kz  ақпараттық агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстардың сапасын арттыру, саладағы жауапкершілікті күшейту, ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ лицензиялау мен цифрландыру мәселелері талқыланған.  Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, ҚР Ұлттық музейі, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция өкілдері, облыстық мәдениет басқармаларының басшылары және сала мамандары қатысқан. 

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға енгізілген өзгерістер 2025 жылдың 26 желтоқсанында қабылданды. Бұл шара Мемлекет басшысының археология саласын ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылды. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов өз сөзінде бұрын лицензия беру тәртібі, қазба жұмыстары мен табылған жәдігерлерге қатысты бірыңғай дерекқордың болмауы, сондай-ақ археологиялық материалдарды есепке алу мен тапсыру ісіндегі кемшіліктерге назар аударды. Жаңа өзгерістер ұлттық құндылықтарды қорғау, тарихи мұраны сақтау және ғылыми негізделген әдістерді енгізу үшін жасалған. Енді археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жеке-жеке лицензия негізінде жүргізіледі, ал лицензияның мерзімі 5 жылды құрайды.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстанда 11 846 тарихи-мәдени ескерткіш тіркелгені хабарланды. Оның 8 877-сі археологиялық нысандарға жатады. Олардың ішінде 276 нысан республикалық маңызға ие, 10 нысан ЮНЕСКО тізіміне енген, ал тағы 26 нысанды тізімге қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл көрсеткіштер елдегі тарихи-мәдени мұраны сақтау және қорғау бағытындағы жұмыстардың ауқымын көрсетеді.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.