Қызылордалық бойжеткен Қазақстан атынан "Әлем аруы" байқауына қатысады

318
"Қызылорда аруы" атанған Камилла Серікбай халықаралық "Әлем аруы" байқауында Қазақстан намысын қорғайтын болады. Сұлулық байқауы мамыр айында өтеді.

Камилла Серікбай өзінің Instagram парақшасында Сүлейман Демирел атындағы университетте заңгер мамандығы бойынша білім алып жатқанын айтты.

"Мен бұрыннан бері криминалистикаға қызығамын. Мен оған қатысты көптеген фильмдер мен детективтер көп көрдім. Дәл осы мамандықты таңдағаныма өте қуаныштымын" , - деп жазды ару. 

2019 жылы Камилла "Қызылорда аруы" атанып, "Қазақстан аруы" байқауында өз қаласының намысын қорғады. Ал енді мамыр айында бойжеткен "Әлем аруы" тәжін жеңіп алуға тырысатын болады.

Қызылордалық ару ағылшын мен түрік тілдерін оқып үйреніп жатыр. Оның үстіне, бойжеткен 13 жасынан бері каратэмен айналысатын болып шықты. Сылқым қоңыр белбеуді иеленіп, спорт шеберіне үміткер атанды. Оған қоса, Камила автоматтан жақсы ата алатынын айтты. 

Бұл қызығушылықтардан бөлек бойжеткен адамдарға көмектескенді ұнатады. Ол болашақта ізгілік елшісі болғысы келетінін жасырмады.

Камилла Серікбай өз парақшасында пандемия кезінде халыққа қалай көмектескенін көрсетті.