"Заманback 2" комедиясы отандық кино тарихындағы рекордты жаңартты
Қазақстандық әнші әрі продюсер Серік Ибрагимовтің “Заманback 2” комедиясы отандық кино тарихындағы ең табысты фильм атанды. Туынды небәрі 25 күн ішінде 1 млрд 865 млн теңге жинап, бұған дейінгі кассалық рекордты жаңартты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
22 қазанда көрерменге жол тартқан фильм қысқа уақыт ішінде қазақстандықтардың үлкен қызығушылығына ие болды.
Осы уақытқа дейін ең жоғары кассалық көрсеткіш Дариға Бадықованың “Таптым-ау сені” комедиясына тиесілі еді. Ол кинотеатрлардан 1 млрд 834 млн теңге табыс тапқан. Ал “Заманback 2” бұл межеден 31 миллион теңгеге асып түсті.
Айта кетейік, “Заманback” фильмінің алғашқы бөлімі де көрермен арасында танымал болып, прокатта 1 млрд 479 млн теңге жинаған еді. Екінші бөлімнің табысы алғашқы туындыдан 386 млн теңгеге жоғары.
Тарихи көрсеткішке қол жеткізген фильмнің продюсері Серік Ибрагимов қуанышты жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, көрермендерге алғысын білдірді.
“Сүйінші! Халықтың фильміне айналған “Заманback 2” комедиясы қазақ киносындағы кассалық рекордты жаңартты. Бұл сіздердің қолдауларыңыздың арқасында, сондықтан бұл сіздердің де жеңістеріңіз! Құтты болсын, ағайын!” – деп жазды ол.
Дархан Саркенов режиссерлік еткен комедия осылайша Қазақстандағы ең көп кассалық түсім жинаған отандық фильмдердің көшін бастады.
Қаз
Рус






