Шымкентте «Қазақ дастарханы» фестивалі 9 рет өткелі жатыр

2 218

Фото: instagram/ inalca_food_serviceШымкент қаласының көпұлтты халқы бір шаңыраққа топтасып, «Қазақ дастарханынан» дәм татты. Этнос өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, сыйластық пен қонақжайлық дәстүрін паш етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Арзу Гурбанова бүгінгі фетивальдегі бас табақты өзі жасады. Қонақтардың сый құрметіне қарай кәделі жіліктерді таңдап, қонақжайлықпен дәм ұсынуға әзірленуде. Қазақы салтты жетік білетін ол тарихи отанымыз Әзербайжаннан келген қонағымызға да ет асамыз, өйткені дастарханның кеңдігі пейіліміздің соған тең екенін танытады дейді.

Арзу Гурбанова, қала тұрғыны:
Әзербайжан отбасы болсақ та қонақ шақырғанда ет асып, табық тартамыз. Қазы-қарты үйімнен үзілген емес. Табақтар да бірнеше бөлінеді. Бас табақ, күйеу табақ, құда табақ, ағайын табақ сияқты. Оның әрқайсысына қоятын жіліктері болады.

Қазақы ұлттық киім киген 17 этностың өкілдері бір қазанға жайма салып, ықылас-ілтипатымен көпшілікке дәм ұсынды.

Шымкентте дастархан фестивалін өткізуге негіз болған «Қазақтану» жобасы. Ол өзге халықтарға ұлттық ас мәзірімізден бөлек, тұлғатану, әдебиет, мәдениет пен салт-дәстүрді терең меңгертуге негізделген.

Қайрат Анарбаев, «Қазақтану» жобасының авторы:
Бір-бірінің салт-дәстүрін, бірбірінің ой-танымын терең танығанда олар жақындаса түседі. Өзара достық қалыптасады. Ол өз кезегінде мәдениеттер бір-бірін байытады. Сол кезде адамзаттық өркениетке жол салынады.

Түрлі форматта өтетін фестиваль Қазақстан халқы Ассамблеяның ұйытқы болуымен тоғызыншы рет ұйымдастырылды. Бұл жолы «Салт-дәстүр және әдет-ғұрып» орталығының мамандары ұлттық құндылықтар жайын терең түсіндіріп берді.