ЮНЕСКО клубтарының қазақстандық федерациясы жастар фестивалін өткізді

2 662

Фото: 24.kzЮНЕСКО клубтарының қазақстандық федерациясы Парижде «Өнер әлемі» атты жастар фестивалін өткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Онда жеткіншектер бүкіләлемдік мұралар тақырыбына арнап, суреттер салды. Іс-шара аясында көрме ұйымдастырылды. Биыл Қазақстан тарапы Клубтардың дүниежүзілік федерациясына төрағалық етіп жатыр. Фестивальге әлемнің түкпір-түкпірінен 3 пен 18 жас аралығындағы мыңдаған жас қатысты. Туындылардың бір бөлігі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде халықаралық дипломаттардың назарына ұсынылған. Көрменің үздіктері арнаулы марапаттарға ие болды. Фестиваль соңы концертке ұласқан. Еліміздің «Тұран» этнофольклорлық ансамблі мен «Бірлік» би тобы өнер көрсетті. 

Эдуард Матоко, ЮНЕСКО бас хатшысының орынбасары: - Біз бүкіл әлемде табиғи және мәдени мұраларды насихаттаймыз. Бұл көрме жастардың қарым-қабілеті мен үлкен үлесін көрсете білді. Біз халықтардың мәдени мұралары аясында бірігіп, бейбітшілікте өмір сүре алатынын паш еткіміз келеді. 
Сәбина Ақжарова, ЮНЕСКО клубтары қазақстандық федерациясының вице-президенті: - Балалар не нәрсеге болсын тура қарайды ғой. Олардың дүниетанымы мен көзқарасы мүлде бөлек. Сондықтан фестиваль тақырыбы жастардың жарқын болашағы үшін пайдалы болғанын ескереміз. Жастайынан шығармашылыққа беріліп, еркіндікте өмір сүрген бала дұрыс азамат болып өседі.