Талдықорғандық ісмерлер әулеті дәстүрлі өнерді дәріптеп жүр
Талдықорғандық ісмерлер әулеті дәстүрлі өнерді дәріптеп жүр,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Той-томалақтағы тарту-таралғылар тек ұлттық нақышта болу керек. Еліміздегі жасы ең үлкен аламан-құрақшы әже Тұмарбала Сәлекеева осылай дейді.
Талдықорғанда тұратын қарт ісмер Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында өткен «Аламан құрақ» жобасына қатысып, көпшілікке танылды. Тоқсанды алқымдаған Тұмарбала апа матаның қиындыларынан айдындағы аққудың бейнесін құрап жатыр. Жастықшаларды немересінің тойында қонақтарға кәдесый ретінде бермек. Ал өнерлі өрендерге өз қолымен тіккен әрі үйде ойнаса да, ештеңені сындырмайтын допты тарту етеді. «Осылайша, әулеттің қуанышты басқосуын мағыналы өткізіп, салт-дәстүрімізді дәріптесем», – дейді.
Құрақшы апа он құрсақ көтеріп, балаларын қолөнерге баулып өсірді. Қазір анасының жолын қызы Гүлжанат Тұрысбаева жалғап келеді. Ұрпақ сабақтастығын сақтаған отбасы Астанада өткен «Аламан құрақ» жобасына қатысып қайтты. Көрмеге апарған 2,5 метрлік көрпелері әртүрлі оюмен өрнектеліп, халқымыздың таным-түсінігінен хабар беріп тұр.