Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күні

2 413

Фото: Панфиловшы жауынгерлердің ерлігін жырлаған халық ақыны Жамбыл Жабаев. Ақынның немерелерімен, колхозшылармен кездесуі. 1936 жыл.Бүгін ақын, жырау, жыршы Жамбыл Жабаев дүниеге келген күні, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жырау 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім - Сүйінбай...» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған.

Сүйінбайдың тәлімімен шеберлігін шыңдап, шаруа халықтың әншісі болды. «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым»деп жырлаған жырау халықтың ғасырлар бойғы көкейінде жүрген арманын өлеңмен жеткізді.

Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет тіліне аударылды. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1936 жылдың көктемінде Жамбыл Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігіне қатысады. Осыдан соң бұл қалаға тағы екі рет барады. 1937 жылы қазақ делегациясы құрамында Грузияға барып, грузин әдебиетінің классигі Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының 750-жылдығын тойлауға қатысады. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді.