Театрларымыз заманға сай жандануда

521
ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев театр өнері қауымын төл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

«14-ке толғанда әкем Әуезов театрына апарып, «Біз періште емеспіз» деген спектаклін көрсеткен. Ауыл клубынан үлкен сахнаны алғаш көрген мен үшін театрдың өзіне тән аурасы, қалыптасқан тәртібі, көрермен залы, актерлердің ойыны ұмытылмас әсер қалдырған еді. Студенттік жылдары жиі барып тұрғанымызбен, қызметке араласып, елордаға қоныс аударғаннан кейін Әуезов театрына жол түспей қойып еді, соның орайы жақында келді. Алматыға жұмыс сапарымызда қара шаңыраққа арнайы барып, «Қан мен тер. Ақбала» спектаклін тамашаладық. Сонымен бірге Мүсірепов театрына да барып, «Қарагөз» қойылымын көрдік. Спектакльдер өте ұнады. Біраз ой түйіп, тұшынып қайттық», - деп жазды Дәурен Абаев Facebook парақшасында.

Сонымен қатар, министр Ф.Молдағали және А.Оспанбаева сияқты жас режиссерлердің М.Әуезов және Ә.Нұрпейісов сынды классик жазушылардың шығармаларын жаңаша кейіпте сахналап жатқанын атап өтті. 

Жыл өткен сайын театрларымыз заманға сай түлеп, жаңарып келе жатқаны даусыз. Актерлердің шеберлігіне, сахнаға, көрермен талғамына қарап еліміздегі мәдениет саласының даму қарқынын байқауға болады. Отандық өнер иелерінің шетелдік әріптестерімен шеберлік тұрғысынан деңгейлестігі, өзіндік ерекшеліктерінің арқасында озық тұратыны да айқын байқалады. Бірнеше мемлекетте жұмыс істеп, өзге елдердің де мәдениет ошақтарын көрген адам ретінде бұлай толық сеніммен айта алатындығын жеткізді.