Қазалылық өнерпаздар көпшілікке шығармашылық тарту жасады
Биыл Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына 100 жыл толып отыр. Айтулы мерекеге орай, Сыр өңірінде түрлі мазмұндағы мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылуда. Бұл — тек мереке ғана емес, тарихи жадыны жаңғыртып, Сыр елінің шежіресін қайта зерделеуге арналған маңызды кезең, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Осы орайда бірнеше күннен бері Қызылорда қаласында «Тарихтың таңбасы – рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы өтуде. Байқаудың мақсаты — Сыр өңірінің бай мәдени мұрасын насихаттап, аудандардың өнері арқылы бірлік пен рухани жаңғыруды көрсету. Бұған дейін Жаңақорған, Жалағаш, Шиелі аудандары өз өнерпаздарын сахна төріне шығарып, қызылордалықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған болатын.
Бүгінгі кезек — Қазалы ауданында. Қызылорда қаласының орталық алаңында қазалылық өнерпаздардың концерттік бағдарламасы өтті. Өнер кешінің шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов ашып, байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, Қазалы өнерінің терең тамыры мен ұлттық болмыстағы маңызын атап өтті.
Кеште Сыр елінің мақтанышына айналған тұлғалар — ән падишасы Роза Бағланова, лирикалық әндердің королевасы Мәдина Ералиева, талантты композитор Кеңес Дүйсекеев секілді өнер майталмандары шыққан Қазалы топырағынан түлеп ұшқан жаңа буын өнер иелері сахнаға шықты. Олар көрерменге патриоттық әндер, күйлер мен би композицияларын ұсынып, тарихи мерекеге рухани серпін қосты.
Сонымен қатар, орталық алаңда қазалылық қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, ондағы экспозициялар Қазалы ауданында жасалатын дәстүрлі және заманауи бұйымдарды қамтыды. Көрмеде киіз үй жабдықтары, зергерлік әшекейлер, ағаш бұйымдар мен ұлттық нақыштағы кәдесыйлар қойылды. Қолөнер шеберлерінің еңбегі мен шеберлігі көрермендер тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды.
Жалпы, Қазалыдан келген өнер ұжымы бұл кешті тек мәдени бағдарлама емес, нағыз рухани тартуға айналдыра білді. Қызылордалықтар өнер кешінен ерекше әсермен тарқасты.