«Алтын домбыра» иегеріне баспана кілті табысталды
25 қазан – Республика күні қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «AMANAT» партиясы ұйымдастыруымен дәстүрлі «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті,- деп хабарлайды ''Opennews.kz'' ақпарат агенттігі.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың бәрін сүй!» тақырыбындағы дүбірлі додаға биыл республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарған 14 ақын қатысты.
Сондай-ақ ақындардың сөз барымтасын Қазылар алқасының төрағасы – ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының Төрағасы Жүрсін Ерман, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов, Қазақстанның халық ақыны, айтыс ардагері Әсия Беркенова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев, айтыс ардагері, Мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабеков бағалады.
Әзіл мен суырып салмалық, тапқырлық пен шешендік сараланған бұл аламан додада ақындарымыз өз өнерлерін ортаға салып, ел ықыласына бөленді.
Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені – Айбек Қалиев (Қостанай облысы) иеленді. Оған «Алтын домбыра» және пәтер табысталды. Жүлделі 1-орын және автокөлік – Бексұлтан Орынбасарға (Қызылорда облысы) бұйырды. Ал 2-орынды – Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы) және Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе облысы) қанжығалады. Олардың әрқайсысына 1,5 млн теңге сыйақы берілді. Бұл ретте, 3-орынды – Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы) және Дидар Қами (Қарағанды облысы) өзара бөлісіп, 1 млн теңгеден иеленді.
Бұған қоса, Серік Қуанған «Айтыс ақтаңгері» атанып, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі автокөлік мінгізді. Сонымен қатар, автокөлікті Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе облысы) тақымдады. Ал Қонысбай Әбілов атындағы арнайы жүлде мен 750 мың теңге – Нұрлан Есенқұловқа (Шымкент қаласы), Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлде мен 750 мың теңге – Әсем Ережеқызына, Ерік Асқаров атындағы жүлде мен 750 мың теңге – Дәурен Ақсақаловқа (Түркістан облысы), Көкен Шәкеев атындағы арнайы жүлде мен 750 мың теңге, пәтер және автокөлік – Сара Тоқтамысқа (Астана қаласы), ұсынылды.
Ал ынталандыру сыйлығы Аспанбек Шұғатайға (Павлодар облысы), Жарқын Жұпарханға (Солтүстік Қазақстан облысы), Рүстем Қайыртайға (Абай облысы) және Абай Жолмағанбетке (Маңғыстау облысы) табысталды.
Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй!» идеясы аясында өрбіген биылғы айтыс – ел ішіндегі рухани серпіліс пен қазақтың шешендік өнерін жаңа белеске көтерген маңызды оқиға болды. «Алтын домбыра» тек жүлде емес – бұл ақынның рухани биігіне, халық алдындағы мәртебесіне берілетін баға. Бұл айтыс – соның тағы бір дәлелі.