Отандық фильм халықаралық кинофестивальде жүлдеге ие болды
Қазақстандық режиссер әрі продюсер Жаннат Алшанованың “Победителей видно на старте” (Becoming) атты фильмі Таллиндегі “Қара түндер” (Tallinn Black Nights Film Festival, PÖFF) халықаралық кинофестивалінде марапатқа ие болды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жабылу салтанаты 21 қарашада өтіп, отандық туынды “Копродукция” санатында “Ең үздік балтық өңірі продюсері” жүлдесін жеңіп алды. Толықметражды дебют ретінде ұсынылған фильм “Accidental Films” ЖШС студиясында түсірілген. Жобаға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қолдау көрсеткен. Сонымен қатар фильм Франция, Нидерланд, Литва, Швеция продюсерлік компаниялары және Сауд Арабиясы Корольдігінің қатысуымен халықаралық копродукция аясында жүзеге асқан.
Кинокартина 17 жастағы Мила есімді қыздың өмірін баяндайды. Жүзу командасына қосылуды армандаған ол еркіндікке ұмтылып, отбасылық қиындықтардан қашуды көздейді. Мәреге аз қалғанда Мила күтпеген шешім қабылдауға мәжбүр болады. Фильмде Тамирис Жанғазинова, литвалық актер Валентин Новопольский, сондай-ақ Әсел Қалиева мен Медина Сағындықова басты рөлдерді сомдайды.
Туындының әлемдік премьерасы 2025 жылдың тамызында Локарно халықаралық кинофестивалінде өткен. Кейін фильм Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына енгізілді.
Мамандардың айтуынша, бұл марапат қазақстандық киноға халықаралық деңгейде қызығушылықтың артқанын көрсетеді және салаға жасалған мемлекеттік қолдаудың тиімділігін дәлелдейді.







