Сыр өңірі - бейбітшілік пен келісім мекені
Бүгін Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың қатысуымен маңызды кездесу өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бірлік пен келісімді сақтау – ортақ міндет
Кездесуде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары – облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Артур Қамбаров өңірдегі этносаралық қатынастар саласындағы жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Ол облыстағы этномәдени бірлестіктердің белсенділігі, қоғамдық іс-шараларға атсалысуы және түрлі этностардың өзара сыйластықта өмір сүруіне жасалып жатқан жағдайлар жөнінде мәлімет берді.
Марат Алмасұлы Қызылорда облысында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарға жоғары баға беріп, бұл ретте жергілікті билік пен Ассамблея құрылымдарының үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Сондай-ақ ол Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстарында аудандық Ассамблея хатшылықтарының құрылуы, Ақтау қаласында өтетін этномедиаторлар форумы, Өскемендегі ҚХА конгресі мен Астанадағы ҚХА академиясы туралы да атап өтті.
Сыр өңіріндегі достық дәстүрі
Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысушыларға алғыс айтып, Ассамблеяның ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы рөліне ерекше тоқталды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар ел бірлігін сақтауға, азаматтық қоғамды нығайтуға бағытталған. ҚХА – бұл бірлік пен татулықтың институты ғана емес, ол – ұлттық тұтастықты қалыптастыратын маңызды құрылым. Біз этностар арасындағы өзара түсіністікті сақтау арқылы тұрақты әрі әділетті қоғам құра аламыз, – деді ол.
Көп пікір – бір мүдде
Кездесу барысында облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрмұрат Ерманов пен «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Галина Щербакова сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Олар этномәдени бірлестіктердің жастармен жұмысты күшейту, тілді, дәстүрді сақтап қана қоймай, оны қоғамда бейбітшілікті нығайту құралына айналдыру қажеттігін атап өтті.
Қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың кепілі – этносаралық келісім. Қазақстан халқы Ассамблеясының осы бағыттағы қызметі елдегі ішкі тұрақтылық пен қоғамдық бірліктің нақты көрсеткіші болып табылады. Қызылорда облысындағы кездесу – соның бір айғағы. Татулықты ту еткен ел ғана жарқын болашаққа сенімді қадам баса алады.







