Күмбірлеген күйді жаңартқан өңірлік Сейхун ансамблі
Тыңдарман талғамына сай түрлі музыка бары жасырын емес, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаныңа жағатын жанрда, түрлі стиль де бар. Бірі лирикаға, бірі ойнақы әрі ырғақты әуенге әуес. Эстрададағы көп әннің бағыты да осындай. Арнайы сән-салтанатта болмаса, «күй мен терме ұмыт бола ма?» деген ой да түйсікті түртпектейтіні рас. Дегенмен, соңғы уақытта сахна төрінен көрініп жүрген этно-рок стиліндегі топтар бұл қорқынышты сейілткендей. Соның бірі – өңірдегі «Сейхун» ансамблі. Күмбірлеген күйді жаңаша өңде халыққа ұсыну ұшан теңіз еңбектің нәтижесі. Осы ретте аталған топтың көркемдік жетекшісі Кемеңгер Өтеппен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ансамбльдің атауы ерекше. Этнотоптың құрылу тарихымен бөлісссеңіз…
– Сырдария – Орталық Азиядағы өзен. Ортағасырлық жазбаларда «Сейхун» деп аталған. Сондықтан өнер өлкесінде құлашын кең сермеген топ өзендей тоқтамасын, ғұмыры ұзақ болсын деген ниеттен туындады. Қайткенмен де топ тыңдарманын тауып, сахнада өзіндік орны қалыптасса мерейдің үстем болғаны. Бұрын-соңды этно-рок ансамблі облысымызда болған жоқ. Ұлттық нақыш пен болмысты қазақы үнмен үйлестіру мақсатында этнотопты 2018 жылы құрдық. Осы уақыт аралығында өнімді іс, толымды тірлік етіп келеміз. Нәтиже жақсы, қарқынымыз да осал емес.
– Құрамда қанша өнерпаз бар? Басымдық домбыраға берілгенімен, жаңа аспапты қосу ойда бар ма?
– Топ құрамында мәдениет орталығында қызмет ететін сегіз өнерпаз бар. Әрқайсысының таланты топты танытып жүр. Сахна әлеміне қадам басқаннан жеткен жетістігіміз де баршылық. Әлбетте, этностильде болған соң домбыра негізгі аспап. Бүгінде қобызшы аруымыз бала күтіміне байланысты демалысқа шыққандықтан қобыз партияларын алып тастап, домбыра үлесін арттырдық. Тыңдарманды туындымен тәнті ету үшін тың тәжірибеге сүйенген дұрыс. Жаңашылдық қай кезде де керек. Алдағы уақытта аспаптар қатарына сыбызғыны да қоспақпын.
Репетуарда Мырзаның «Мерке», Жалдыбайдың «Қара жорға», Құрманғазының «Адай» және тағы басқа күйлері бар. Бұдан бөлек топ шетел композиторларының музыкасын орындап келеді. Жергілікті сазгердің де туындысын тыс қалдырып жатқан жоқпыз. Өйткені өнерді өңірдегі сазгерлердің шығармашылығымен өрбіту жақсы ой. Осы орайда Қазақстан Республикасы Композиторлар Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Сәукен Әліштің «Қыпшақтар» атты шығармасы да қоржынымызда. Сайып келгенде, дамуда тежелуді жөн көрмейміз. Әлде де репертуарды жаңартып, ұлттық өнерді жаңғырта бермекпіз.
– Топтың ұлттық имиджді жандандыруға қосқан үлесі зор. Қазақы ән-күйді заманауи үлгіде өрбіту қиын емес пе?
– Этнотоптағы дарынды өнерпаздар бірлесе отырып жұмыс істейді. Қазақтың ән-күйі, термесі бір сарында емес. Яғни ұлы өнердің өлшемге сыймайтыны көпке аян. Әрине, қазақы үнді жаңаша өңдеудің өз қиындығы бар. Десе де өнерпаздар идеясымен бөлісіп, тың ойын ортаға салып, түрліше орындау арқылы заманауи үлгіге қиыстырады. Бұл – татымды талдаудың нәтижесі. Күйді тек домбырамен емес, гитара мен қобыздың қоңыр дауысымен әрлеу арқылы жеткізуге тырысамыз. Егер осылай халыққа ұсынсақ, ұлттық өнерге қызығушылық арта түспек. Сондықтан күйді дамытып, дәріптеуді тоқтатпау керек.
– «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дейміз. Ұлттық аспапты биік қойған ұлтпыз. Дегенмен, «домбыра – харам» деген сөз желіде желдей есті. Бұған не дейсіз?
– Ата-бабамыздан қалған ұлттық аспапты харам деу теріс түсінік һәм қате ой. Қос ішегінде даланың дүбірі бар, тиегінен күмбірлеген күй төгілетін аспапты ардақтау қажет. Рухани құндылықты құлдыратпай, төбеге көтерудің орнына таптау санаға сыйымсыз. Ұлт болып қалыптасқаннан кейін өткенге көз тастап, дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сақтау маңызды. Халықтың жай-күйін, елдің тұтас тарихын таңбалайтын домбыраны қалай харам дейміз?! Домбыра – дәурен мен дәуірді бейнелейтін ұлттық аспап. Егер «харам» деп қолға алмай, күй ойнап, терме тартуды доғарсақ қалай өсеміз? Сондықтан мұндай олқы ойдан аулақ болған ләзім.
– Кәсіби маман ретінде елімізде этно-рок музыка түрінің қалыптасуы қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Ансамбльдер жоқ емес. Этно-роктың бастауы – «Ұлытау» ансамблі. Бұл топтың мықты екенін мойындау керек. Өзіміз жақсы көріп, тыңдаймыз. Сондай-ақ, Жетісу өңірінде «Тиграхауд» ансамблі де бар. Әрине, басым бөлігінде рок емес, этноансамбльдер ғана бар. Сондықтан этнотобымыздың жұмысын әрі қарай дамытсақ дейміз. Егер осындай ансамбль көбейсе, жастар қызығып, тыңдайды. «Мынау ескі, мынау көне» демей, түрлендіре білсек, өскелең ұрпақ та өткенін ұмытпай, әсем күйді құлағына сіңіріп өсетін болады.