Бүгін қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі мерекесі – Көрісу күні

2 010
Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Бұл күні барлық өкпе-реніш ұмытылып, кешіріледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Бүгін қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі мерекесі – Көрісу күні.


Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің ауқымын кеңейту үшін төл жаңа жылды күн мен түн теңелерден 10 күн бұрын бастау әдетке айналып келеді. Он күндік думанды мазмұнды ету аясында Көрісу күні ресми шаралардың қатарына қосылып, бүгінде бүкіл қазақ білетін айтулы күнге айналып отыр. 

Бір күннің аясымен шектеліп қалмай, жыл бойы жалғаса беретін Көрісу салты негізінен Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді. Ал Маңғыстау өңірінің жұрты оны Амал мерекесі деп те атайды. 

Ежелден келе жатқан ата салтымыз бойынша жастар осы күні үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Жұрт бір-біріне ақ тілегін арнайды. Амал мерекесін Наурыздан бөле-жара қарауға болмайды. Ол – Наурыздың алғашқы жаршысы іспеттес. 

Ертеде қазақтар көктемгі күн мен түннің теңелетін күніне тура бір апта қалғанда малын санап, ұзақ қыстың ақыры артта қалғанына қуанып, бір-бірінің үйіне қонаққа барып жүздесіп, келген шығын мен мал қамын талқыға салған. Таңертең әр отбасы дастархан жайып, дастарханға тәттілер мен басқа да дәмдерін қойған. 

Мәдениеттанушы Серік Ерғали ежелгі есептеулер бойынша, жаңа жыл 14 наурыз күні басталатынын алға тартты. 

14 наурыз бұл қазақша жылдың басы. Қоян жылы 14-нен бастап кіреді. Жыл басы мерекесі болғандықтан адамдар бір-бірімен төс қағыстырып көріседі. Қазақтар ай жаңарғанда, жыл жаңарғанда бір рет көріскен. Мереке деуден гөрі, мұны ғұрып деуге саяды. Яғни жаңа жылдың келуімен адамдардың бір-бірін құттықтауы, – деді маман. 

Маман көрісу ғұрпының мәні тереңде жатқанын, тіпті астрологиямен байланысты екенін сөз етті. 

Алматыдан 170 шақырым солтүстік батыстағы бағытта Аңырақай деген жотадағы таңбалы таста Күн 12 шоқжұлдызды жағалап, айналып өтетіні жазылған. 14 наурызда ол Тоқты шоқжұлдызына келіп, сондағы қозғалмайтын Қамал жұлдызымен бір түзудің бойында тұрады екен. Міне, осы кезде көктем шығады, мүшелдік жыл кіреді. Аспандағы Қамал жұлдызымен Күннің көрісуі кезінде қазақтар төс қағыстырып жоралғы жасаған. Мұның астарында терең астрологиялық мән жатыр, – деді Серік Ерғали.


Батыс Қазақстанда көрісу күнін "Амал" мерекесі деп те атайды. Этнограф мұның мәніне де тоқталып өтті. 

Бұл шоқжұлдызды Ресейдегі Волгоград, Саратовтағы қазақтар Қамал деп атайтынын, ал бергі жақтағы батыс өңіріндегілер Амал дейді. Ай туып, өліара кезінде жұлдыздар жерде апаттық жағдай тудыруы мүмкін. Бұл сөз содан амалдап өту деген мәнде де қолданылған. Сондықтан бұл тек наурызға қатысты сөз емес. Ал негізінде амал деп айту дұрыс емес. Бұл жұлдыздың аты – Қамал. Ол ежелгі дәуірден келе жатқан атау, – деп қосты ол.

Серік Ерғали қарапайым халықтың 14 наурызда тойлап келген күні біраз уақыт бұрын 22 наурызға ауысып кеткенін тілге тиек етті. 

1988 жылы Генадий Колбиннің кезінде наурыз мерекесі 21-22 күніне қойылды. Одан кейін 1991 жылы Қазақ КСР-нің сол кездегі президенті Назарбаевтың жарлығымен мейрам болып жарияланды. Міне, сол кезден бері 14 наурыз қарапайым халықтың мерекелеп келген күні 22-не ауысып кетті. Дегенмен кейбір өңір 14-і күнін тойлауды жалғастырып, оған көрісу, амал күні деп ат қойған, – деп қосты ол.

Әдетте бұл күні бір-бірін құттықтап, дастархан жайып, бел көтерер жасайды. Бел көтерер –  егде тартқан қарияларға ерекше күтім қажет болғандықтан, оларға ең дәмді, жұмсақ тағамдар: қазы, май, жент, қымыз, сүзбе, бал сияқты өнімдер берілетін дәстүр. Бұл ата-анаға, қарияларға қамқорлық танытудың үлгісі.

Көрісу күнінде жұртшылық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Бұл күні адамдар арадағы өкпе-ренішті ұмытып, жылды ақ пейілмен бастайды. Әр отбасы алдын ала дайындалып, қонақ күтеді. Үлкен дастархан жайылып, бауырсақпен, тәтті, дәмділермен толтырылады. Бұл жыл бойы дастарханымыз молшылықта болсын деген сенімнен шыққан.

Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, амандасып шығады. Көріскендер бір-біріне "Бір жасыңмен!" дейді. Бұл "бір жасқа есеюіңмен, осы жылға аман-есен жетуіңмен!" дегенді білдіреді. Содан кейін жаныңдағы көршілермен көрісу міндет. Жасы кішілер үлкендерге бірінші барады. Әдетте егде жастағы адамдар қол алысады. Ал әйелдер бір-біріне алдымен оң, содан кейін сол иықпен жанасады. Қос қолдап амандасып, төс түйістірудің де өзіндік мәні бар. Бұл өмір тірегім – төсім, тіршілік көзі  – екі қолым аман-сау болсын дегенді білдіреді. Әр адам кем дегенде түске дейін үш үйдің есігін ашып, қол алысып шығуы шарт. Ары қарай үйге келген қонақтарды күтіп, туысқандарға да кіріп шығу маңызды. 

Ал кішкентай балалар барған үйлеріне шағын қапшықтарын апарады. Бала қай үйге көрісуге кірсе,  сол үй дастарханынан ауыз тигізіп, бауырсақ, тәттілерден қапшығына салып беруі керек. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. 

Бұрын "көрісу" кезінде сандықтың түбінде жатқан мата, киімдерді, сонымен қатар қару-жарақ: найза, қылыш, қалқан, саймандарды іліп қою дәстүрі болған. Бұл әдет-ғұрып "жыл көру" деп аталды. Оның мәні жанды да, жансыз заттар да жаңа жылды көруі керек дегенді білдіреді. "Көрісу" бұрын наурыздың 14, 15, 16-сы күндері қатарынан тойланған. Ал осы күні қар жауса, оны "наурыздың ақ қары" д
еп атаған.