«Тәуелсіздік ұрпақтары» – 2025: Аида Балаева жеңімпаздарды марапаттады

2 518

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігіАстанада биылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Елдің түкпір-түкпірінен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік саладағы отыз үздік жобаның иелері елордаға жиналған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, әр жеңімпазға 3 миллион теңге көлемінде грант сертификаты табысталған.




Жеңімпаздарды Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтаған. Ол жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, барлық бастама жас ұрпақтың болашағы үшін жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек еткен.

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуының алдағы бағытын айқындап, жаңа кезеңнің стратегиялық міндеттерін нақтылап берді. Қазіргі қабылданып жатқан шешімдер мен жүзеге асып жатқан реформалар жастарға сапалы білім алып, өз әлеуетін толық іске асыруға, бәсекеге қабілетті, саналы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл тарихи кезең – тек өзгерістер уақыты ғана емес, болашаққа деген сенімді нығайтатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды дәуір деп айтуға толық негіз бар, – деп атап өтті вице-министр.


Аида Балаева жеңімпаздарды құттықтап, жаңа бастамаларына табыс тіледі. Сондай-ақ ол жастарды ынталандыру мен қолдауға бағытталған басқа да жобалар туралы айтты. Олардың қатарында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттің арнайы әдеби сыйлығы, журналистерге арналған «Үркер», «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы бар.

Биыл конкурсқа 6 бағыт бойынша 1700 өтінім келіп түскен, оның 1622-сі қабылданған. Олардың қатарында Қазақстанның мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүрлерді насихаттауға, мәдениет пен өнерді дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, IT және волонтерлік саладағы стартаптарға, сондай-ақ креативті бизнес-идеяларға бағытталған жобалар бар.