Мәдениет және Өнер қызметкерлері Президент атынан марапатталды

2 506

Фотосурет:©️ gov.kzАстанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Janabastau.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Аида Балаева, Парламент депутаттары және мәдениет пен өнер саласының өкілдері қатысқан. Салтанатты жиында сала мамандарын құттықтаған Аида Балаева мәдениеттің қоғамның рухани дамуы мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде еліміздің мәдениет және өнер саласында 60 мыңға жуық адам еңбек етеді. Соңғы үш жылда 592 мәдениет қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталған. Мемлекет басшысының атынан мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне 331 пәтер сертификаты табысталды. Бұл сала мамандарына көрсетілген әлеуметтік қолдаудың маңызды көрінісі екені айтылды.

Іс-шара барысында Президенттің бастамасымен бірқатар мәдени ұйымдарға жаңа мәртебе беру туралы шешімдер де жарияланды. Атап айтқанда, М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе беру ұсынысы көтерілді. Бұл шешім аталған ұжымдардың мәдениет саласындағы еңбегіне берілген жоғары баға ретінде бағаланды. Сонымен қатар саладағы марапаттау жүйесі жаңартылып, «Халық әртісі» атағы қайта бекітілді, «Асыл мұра» жаңа сыйлығы енгізілді және мемлекеттік стипендиялар көлемі ұлғайтылды. Бұған қоса, музыкалық білім беру ұйымдары мен концерттік мекемелерге жаңа музыкалық аспаптар сатып алуға қаржы бөлінгені айтылды. Салтанатты жиында жалпы 32 мәдениет және өнер саласының өкілі марапатталды. Олардың 17-сі Президент Жарлығымен мемлекеттік наградаларға ие болды. Атап айтқанда, театр және кино актрисасы Жұмагүл Мейрамова ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, ал әнші әрі композитор Жеңіс Сейдуллаұлы «Парасат» орденімен марапатталды. Театр, концерт және білім беру салаларының бірқатар өкілдері ведомстволық марапаттарға ие болды. Іс-шара соңында сала қызметкерлерінің ел мәдениетін дамытуға қосқан үлесі ерекше аталып өтіп, олардың еңбегі жоғары бағаланатыны айтылды.