Қазақстан мен Корея өзара мәдени ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді

2 246

Фото: KazinformАлматы қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» мен Корея Республикасының Шетелдегі корейлер істері жөніндегі агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Аталған құжат екі ел арасындағы гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылды дамытып, диаспорамен жұмыс бағытында тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге, бұл құжат Шетелдегі корейлер істері жөніндегі агенттіктің шетелдік әріптестерімен жасаған алғашқы халықаралық келісімі болып отыр.

Меморандум аясында шетелдегі отандастарды қолдау, олардың ұлттық бірегейлігін нығайту және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз қаланды.

Іс-шара барысында «Корея мен Орталық Азия елдерінің даму болашағы» атты ғылыми семинар ұйымдастырылды. Онда екі елдің ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, диаспоралардың әлеуетін арттыру және жаңа серіктестік жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Бұл келісім мен семинар Қазақстан мен Корея Республикасының гуманитарлық саладағы ынтымақтастығын күшейтіп, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудағы жаңа кезеңді бастап берді.