Роза Бағланова тұрған үйдің қабырғасына ерекше көркем бейне салынды

2 505

Фото: ©Алматы әкімдігіАлматыда КСРО Халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Роза Бағлановаға бейнесі салынған үйлер ерекше көзге түскен,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Baribar.kz сайтына сілтеме жасап.

 Өнер туындысы қазақ музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғаның рухына тағзым ретінде жүзеге асырылды. Жоба тұрғындардың әкімдікке жасаған өтініші негізінде қолға алынған. Қала тұрғындары ұлттық өнердің символына айналған Роза Бағланованың есімін ұлықтап, оның жарқын бейнесін ел жадында жаңаша форматта сақтауды ұсынған. Осы бастамадан кейін арнайы шығармашылық топ құрылып, көркем композицияны әзірлеу және оны ғимарат қасбетіне бейнелеу жұмыстары ұйымдастырылды. Қабырғаға салынған көркем туындыда Роза Бағланованың сахнадағы айрықша болмысы мен қазақ өнеріне тән рухани келбеті шебер үйлестірілген. 

Жобаның маңызды екені Роза Бағланованың кезінде дәл осы үйде тұрғанында болып отыр. Енді ғимараттың қасбеті ұлы өнер иесіне деген құрмет пен тағзым белгісіне айналды. Жобаны дайындау және жүзеге асыру жұмыстарына Роза Бағланованың келіні Марал Бағланова да қатысқан. Ол атқарылған жұмысқа жоғары баға беріп, жобаны жүзеге асырған азаматтарға алғыс білдірді, - делінген хабарламада.

Композицияда әншінің ұлттық нақыштағы бейнесі көрініс тауып, оның өнердегі дара жолы мен халыққа деген шексіз сүйіспеншілігі бейнеленген. Роза Бағланова – қазақтың ән өнерін әлемге танытқан бірегей тұлғалардың бірі. Ол соғыс жылдарында майдан даласында ән шырқап, жауынгерлердің рухын көтерген өнер иесі ретінде тарихта қалды. Халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындаудағы ерекше шеберлігі арқылы миллиондаған тыңдарманның жүрегінен орын алды. Көркем жоба тек сәулеттік безендіру ғана емес, ұлттық мәдениетті дәріптеудің маңызды үлгісі ретінде бағалануда. Қазіргі таңда мұндай қабырға композициялары қаланың көркін арттырып қана қоймай, тарихи тұлғаларды жас ұрпаққа танытудың заманауи тәсіліне айналып отыр.

Осылайша, Халық әртісінің жарқын бейнесі енді халық жадында әрі ұлттық өнер тарихында ғана емес, қаланың сәулеттік келбетінде де мәңгілікке сақталмақ. Бұл бастама өнер майталмандарына деген құрметтің және ұлттық руханиятқа деген жанашырлықтың айқын көрінісі болды.