Шетелде Әлихан Бөкейханға бюст орнатылды

2 515

Фото:© Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

 Мәскеудегі Халық жетістіктері көрмесіндегі  қазақстандық павильонда қазақ халқының көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына орай оның бюсті орнатылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

– Әлихан Бөкейхан Ресей империясы Мемлекеттік Думасының жұмысына қатыса отырып, қазақ пен басқа да байырғы халықтардың мүдделерін қорғады. Ол көпұлтты бірлік пен прогреске сенді және оның мұрасы бүгінгі күнде елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестік қағидаттарында көрініс тауып отыр, – деп атап өтіп Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев.

Елші бюстті орнатудың бастамашысы қазақстандық кәсіпкер Жанболат Надыровқа және барлық осы игі іске үлес қосқандарға алғысын білдірген. Ол бұл оқиғаны халықтарымыздың ортақ тарихына қосқан үлесіне құрмет деп атаған.

– Әлихан Бөкейхан ұрпақ үшін өмірі мен қызметі үлгі бола алатын халқымыздың көрнекті өкілі, мұндай адамдарға ескерткіштер орнату қажет деп санаймын. Енді Мәскеуге келуші қазақстандық қонақтар ХШЖК-ға барып, атақты жерлесімізге өз құрметтерін білдіре алады, – деп атап өтті Жанболат Надыров.

 Қазақстандық павильонының басшысы Тамара Бабакова кәсіпкердің сөздерін қолдап, павильонға келушілердің көп екенін атап өткен.Фото:© Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

– Әлихан Бөкейханның бюсті өткен, қазіргі және болашақ кезең арасындағы байланыстың символына айналады, – деді ол.

Іс-шараның қадірлі қонағы, Әлихан Бөкейханның немере інісі, профессор Нұрым Бөкейханов атақты туысының өмірі үзілмегенде, оның қазақ халқы үшін берері көп болғанын өкінішпен атап өткен.

– Оның бастамасымен Абайдың барлық өлеңі жинақталды. Ол тұңғыш абайтанушы болды, көрнекті ақын мен философтың мұрасын халыққа жеткізді, – деді Нұрым Бөкейханов.