125 елдің оқырманы қазақ әдебиеті мен тарихына қызығушылық танытып отыр
Қазақ қаламгерлерінің шығармалары бүгінде Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен оқылып жүр. Еуропа мен АҚШ-тан бастап, Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне дейін ұлттық әдебиетімізге қызығушылық артып келеді. Отандық авторлардың еңбектері ондаған тілге аударылып, шетелдерде жарық көріп, әлемнің жетекші кітапханалары мен университеттерінің қорына еніп жатыр. Қазақ классикасы мен қазіргі қазақ прозасын оқитын шетелдік оқырмандар қатары да көбейіп келеді,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының антологиялары БҰҰ-ның алты ресми тіліне – ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріне аударылып, жарық көрді. Жалпы таралымы 120 мың дананы құраған жинақтар 90-нан астам елдегі 23 мыңнан астам кітапханаға, жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу орталығына таратылған.
Отандық баспалар жыл сайын Frankfurter Buchmesse, Bologna Children’s Book Fair, Abu Dhabi International Book Fair, Beijing International Book Fair және The London Book Fair халықаралық кітап көрмелеріне қатысады. Былтыр Қазақстан Франкфурт кітап жәрмеңкесінде 137 кітапты, Болоньядағы балалар әдебиетіне арналған кітап жәрмеңкесінде – 24, Абу-Дабидегі халықаралық көрмеде 27 басылымды таныстырған.
Классикалық мұраны заманауи форматта насихаттауға да ерекше көңіл бөлінеді. «Ұлттық кітап» республикалық байқауының қорытындысы бойынша Гүлмира Амандықованың Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» негізінде жазылған «Ұрпаққа ұлағат. Завет потомкам» еңбегі «Жыл кітабы» атанды. Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Жалпы жоба аясында туынды әлемнің 12 тіліне аударылған. Басылым Франкфурт, Дели және Гуанчжоудағы халықаралық кітап алаңдарында таныстырылып, ЮНЕСКО кітапханасының қорына табысталған.
Сонымен қатар шетелдерде қазақ әдебиеті орталықтарының желісі дамып келеді. Бүгінде мұндай орталықтар 41 елдің ұлттық кітапханаларында, соның ішінде Мажарстан, Түркия, Қытай, Франция, Жапония, АҚШ, Италия, Финляндия және Бразилияда жұмыс істейді. Олардың кітап қоры Қазақстанда жарық көрген жаңа басылымдармен тұрақты түрде толықтырылып отырады.
Қаз
Рус






