«Тіл құралын» ағылшынға аудару оңай болған жоқ – Ақнұр Төлеубаева

520
Аудармашы Ақнұр Төлеубаева "Тіл құралы" еңбегін ағылшынға аудару барысындағы сәттермен бөлісті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.





Былтыр ЮНЕСКО көлемінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтілді. Мерейтой аясында ұлт ұстазының бірқатар шығармасы шет тілдеріне аударылды. «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы жарық көрді. Лондонда ағылшын тіліне аударылған кітаптың тұсаукесері өткен-ді. Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы таңдамалы еңбектерін қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде әзірледі. Ахаң мұрасын аударған аудармашылардың бірі – Ақнұр Төлеубаева. Аудармашының айтуынша, ұлт ұстазының шығармасын ағылшын тіліне аудару оңай болмаған секілді.

– Ақнұр ханым, Ахмет Бай­тұр­сынұлының шығармасын ағыл­шын тіліне аударғаныңызды естіп жатырмыз. Қандай шығар­масын таңдап алдыңыз?

Біз үш аудармашы бірігіп, Ахаңның шығармаларын қазақ тілінен ағылшын тіліне аудардық. Біздің қолымызға тигені – 1931 жылы жарық көрген «Тіл құралы» атты еңбегі. «Тіл құралы» еңбегі бұ­ған дейін ағылшын тіліне ау­дарылмаған екен.


– Ахаңның «Тіл құралын» ағылшынға аудару қиын болмады ма?

Әрине, қиындық тудырды. Біріншіден, бұл еңбек­тің шық­қанына бір ғасырдай уақыт бол­ған. Ол – 1931 жылы басылып шық­қан еңбек. Оның тілі де оңай емес. Кейбір сөздерді түсіну қиын болды. Сөйлем құрылым­дары да өте күрделі. Екіншіден, сол кезеңдегі қазақ тілі мен қазіргі қазақ тілінің арасында айырмашылық бар. Мәселен, өсімдік немесе пайда деген сөздерді алайықшы. Ол уақытта пайданы фәйде деп, өсімдікті «жер түгі» деп берген. Мұндай сөздер «Тіл құралы» еңбегінде көп кездеседі. Оның мағынасын өзгертпей, дұрыс аудару үшін түсіндірме сөздік керек. Сол үшін бізге арнайы сөздік дайын­дап берді. Сөздік арқылы түсін­беген кей сөз тіркестерін қарап, салыстырып отырып, аударып шықтық. Қазіргі қазақ тілі грамматикасы, мәтін түзеуі мен сөйлеуі мүлде басқа. Ұстаз еңбе­гін соған салғымыз келсе де, оған келмейді. Өйткені мұртын бұза алмайсың. Сол үшін де аударма кезінде қиындық туғаны рас.


– Бұған дейін қайраткердің шы­ғармалары өзге тілге аударыл­ған ба?

Бұған дейін ұлт ұстазының шығарма­лары қанша тілге ауда­рылғаны туралы нақты дерек біл­меймін. Осы жылы «Тіл құра­лы» еңбегі алты тілге аударылды. Оның ішінде ағылшын тіліне біз аударсақ, түрік, орыс тіліне өзге мамандар аударма жасады. Мұ­ның бәрі жақында ашылған baitursynuly.kz сайтында берілген.


– Ағылшын тіліне аудару туралы ұсыныс қайдан түсті?

Бізге ұсыныс жасаған – Ш. Ша­ях­метов атындағы «Тіл-Қа­зы­на» ұлттық ғылыми-практика­лық орталығы. Сол мекеменің қызметкері хабарласып, ұсыныс білдірді. «Қолымыздан келгенше, аударып көрейік» дедік. Әрине, ұлт қайраткерлерінің ұлттық мұралары ағылшын және басқа тілдерге аударыла бергені дұрыс. Өзге ұлт өкілдері де қазақтың зиялыларының еңбегімен таныса бергені жөн. Осы тұрғыдан ал­ған­да, Ахмет Байтұрсын­ұлының шығармасын ағылшын тіліне аударғанымызға қуанамыз.




Гүлзина Тұрғанбай