Балалар жылына орай апта бойы түрлі шаралар өткізілмек

575
А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында балалар жылына орай апта бойы түрлі шара өткізілетін болды, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Өскемен қаласында орналасқан кітапханадағы «Ертегі әлеміне саяхат» атты танымдық апталық 9 сәуірге дейін жалғасады. Бұл күндері қонақтарды түрлі ертегі кейіпкерлері қарсы алатын болады. 


«Көрмеде өткен жылы бастау алып, биыл жалғасын тапқан «Балалар әдебиеті жылы» аясында жарық көрген Несіпбек Айтұлының «Шыбын-шіркей», Әділдабек Салықбайдың «Айдана мен Ақжолтай», Тілеуғазы Бейсембектің «Зерек бала», Шәкен Күмісбайұлының «Сәби болғым келеді» кітаптары, кішкентай оқырмандардың сүйікті кітаптарына айналған «Big dream» баспасынан жарық көрген анимациялық 4D кітаптар және жаңа форматтағы басқа да басылымдар ұсынылды», - делінген кітапхана қызметкерлері таратқан ақпаратта. 


Бүгін балалар жазушысы Зияш Телеуовамен онлайн кездесу өтті. Ертең «Сиқырлы қылқалам» алаңқайында Өскемендегі «Оқушылардың шығармашылық сарайындағы» сурет үйірмесіне қатысушылары ертегі кейіпкерлерін бейнелеуден шеберлік сағаттарын жүргізеді. «Ақ әжемнің ертегісінде» «Шығыс Қазақстан халқының ертегілері мен аңыздары» бейнежобасына қатысқан ертегішілер ұлттық киімде өз халқының ертегілерін балаларға айтып береді. Ал 7 сәуір күні 11.00-де «Білгішбек» ертегілер бойынша квест, викторина, 15.00-де «Ертегітерапия» ертегі арқылы шығармашылық қабілет пен сананы дамытуға бағытталған психологиялық ойын ұйымдастырылмақ. 8 сәуірде 11.00-де «Үш торай» қуыршақ театры ертегісінің қойылымы көрсетілсе, 15.00-де «Жақсылық сиқыры» атты шарада мейірімді періқыздар балалармен бірге түрлі заттардан ертегі кейіпкерлерін жасайды. 9 сәуір күні 11.00-де «Тазшаның қырық өтірігі» шығармасындағы Тазша балалармен бірге кітап оқып, ойын ойнайды. 14.00-де «Ертегі әуендері» ертегісі қойылмақ.