Әйгілі әнші Роза Бағланова 100 жыл

508
2022 жылы 1 қаңтарда КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, кеңестің және қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығы халыққа қалтқысыз қызмет етудің, сахнаға деген адалдықтың және көрерменге деген шексіз құрметтің үлгісі.
Әнші өзінің еңбек жолын Өзбек филармониясының мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде бастады, содан кейін Мәскеу консерваториясына жолдама алды. Бірақ Ұлы Отан соғысының басталуымен ансамбльмен бірге майданға аттанды.


Роза Бағланованың халық арасына көп тараған ерекше танымал әні Лидия Русланованың репертуарындағы «Ах, Самара-қалашығы» әні еді. Сондай-ақ, Роза Бағланованың репертуарында әлемдік опера өнерінің туындылары, түрлі елдердің халық әндері мен заманауи композиторлардың әндері бар.
Роза Бағланова – сол дәуірдің ұлттық символы: ол А.Вертинский, Г.Уланова, М.Плисецкая, И.Ильинский, А.Райкин, С.Рихтер, Д.Шафранмен бір сахнада тұрып өнер көрсеткен тұлға. Әнші гастрольдік сапармен Польша, Мажарстан, Австрия, Қытай, Корея, Үндістан, Бирма, Канада, Швеция, Бельгия және т.б. елдерді аралады. Үндістанда әнші Джавахарлал Нерудың қабылдауында болып, Индира мен Раджив Гандимен кездесті.
2021 жылы «Хабар» телеарнасы әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы «Бұлбұл» биографиялық көркем телесериалын шығарды.

2007 жылы Роза Бағланованың «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты өмірбаяндық кітабы жарық көрді.
Роза Бағланова туралы көптеген кітаптар мен көркем суреттер жарық көріп, поэтикалық шығармалар жинақталды. Оның есімі Маргарет Тетчер, Элизабет Тейлор және т.б. сияқты ұлы әйелдермен бірге англо-американдық «Кімнің кім екені» энциклопедиясына енген.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Роза Бағланова туралы әншінің үлкен шығармашылық жолы туралы баяндайтын «Біздің Роза» деректі фильмін түсірді.
Қазақ өнерін дәріптегені үшін көптеген атақтар мен марапаттарға ие болды.
2021 жылғы 23 қарашада ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған Атаулы күндер күнтізбесі қабылданды. Оған әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы кірді.
Қазақстан Республикасында ұлы қазақ әншісі туралы естелікті сақтау мақсатында Роза Бағланованың 100 жылдығын мерекелеу шеңберінде 2022 жылы елімізде және шетелде бірқатар мерейтойлық іс-шаралардың өткізілуі жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің Facebook-тегі парақшасына ұлы әншінің мерейтойы құрметіне орай өткен концерт туралы көлемді пост жариялады.

"Елордамыздағы «Қазақстан» концерт залында отандық және шет ел эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттің беташар сөзінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мырза ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын тұлғалар тізіміне енген даңқты әншінің ғасырлық тойы ресми түрде басталғанын айрықша атап өтті. Алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде, Парижде, бесігін тербеген Сыр бойында ірі шаралар өтетінін жеткізді. Қаһарман әншінің рухына бағышталған рухани шараға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы жүрекжарды тілегін жолдапты. Көктемнің алғашқы күнінде министрлікке қарасты «Қазақ әуендері» АҚ (басшысы – Ғалымжан Өтелбай) ұйымдастырған ғажайып ән кеші көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады", -  деп жазды Жанарбек Әшімжан. 

Оның айтуынша, пандемия мен түрлі әлеуметтік қайшылықтардың қамауында қалған қалың көрермен өнерге шөліркеп қалған екен. Бұл ретте Роза Бағланованың репертуарындағы әндерді «Еңбек Ері» Роза Рымбаева бастаған өнер иелері орындаған. Арасында мерейтой иесінің ел мен жер тағдырына қатысты үзік-үзік пікірлері де беріліп отырған.
"Роза Бағланова дүниенің 60-тан астам елінде гастрольдік сапарлармен болып, қазақтың сөзі мен сазы келіскен тамаша әндерімен қоса, түрлі ұлттар мен ұлыстардың да әнін шырқапты. Жалпы, репертуарында халқымыз ерекше сүйіп тыңдаған 200-ден аса әндер болған. Біртуар әншінің жаны қандай нәзік болса, жүрегі аттың басындай қайсар екеніне халық сан рет куә болған. ІІ Дүниежүзілік қырғында оқ пен оттың ортасында жауынгерлерге рух сыйласа, бейбіт кезеңде де елдің мұң-зарын үлкен мінбелерден шыбын жаны шырқырап айтқан еді. Адамзатқа уын шашқан атом бомбасы сынағын тоқтатуды талап етіп, аңқасы кепкен Арал тағдырына араша сұраған, Желтоқсан көтерілісінің әділетсіздігін төрелерге тура қарап айтқан да осы Роза апамыз болатын", – деп тебіренді одан әрі Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ ол Роза Бағланованың азан шақырылып қойған негізгі есімі Үрбибі екенін еске салды. Ал кеше айтулы сахна жұлдыздарымен бірге ол кісінің немересі – 10 жастағы Үрбибі Бағланова да өнер көрсеткен. Сонымен қатар, концерт соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ұлы әншінің құрметіне арнайы ықылас гүлі сахнаға шығарылып, көрермендер назарына әншінің өмірінен сыр шертетін фотокөрме ұсынылды.