Жерлесіміз бас жүлдені жеңіп алды

478
Қызылордалық Алтынай Орынбаева республикалық байқауда бас жүлде иеленді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай 2022 жылғы 27 шілде күні Тараз қаласында өткен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқытушылардың республикалық байқауында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің оқытушысы Орынбаева Алтынай Романқызы Бас жүлде иеленді. 

Бұған облыстық кезеңнен жүзден жүйрік атанған 12 үміткер қатысты.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық ғылымның негізін қалаған, елдік тарихындағы ұлы санаткер тұлға. Оның өміршең ғылыми-әдістемелік ұстанымдары әлі күнге дейін өзектілігін сақтап келеді. 

Жыл сайынғы дәстүрлі сайыс ұлы әдіскер ғалымның тіл оқыту, үйрету саласындағы еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгертуге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтауды және насихаттауды, сонымен қатар оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып, ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасын арттыруды, өзара тәжірибе алмасуды мақсат тұтады. 


Бұл мерейтойлық білім мен білік сынға түсетін кезекті бәйгенің биылғы басты ерекшелігі – Ахмет Байтұрсынұлының әлемдік деңгейде аталып өтіп жатқан мерейтойы аясында өткендігі болса; осындай жүрекке жылы тиген тағы бір тұсы – қойнауы құт, мыңдаған талант туған жомарт жұмақ мекен, мәдени-рухани құндылыққа бай өлке әйгілі Әулиеата өңірінде, соның ішінде тарихымыздың темірқазығы Таразда өтуі. Жалпыхалықтық сипатқа ие болған шоқтығы биік шараның жоғары деңгейде өтуіне Жамбыл облысының әкімдігі жақсы үлес қосты.


Ахаң қазақтың қазақ бола білуіне жанын аямай, халық үшін, оның мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет етті, бұқараны білім алуға шақырған қазақтың тұңғыш білім министрі атанды. Алаш қозғалысының ғана емес, барлық замандағы ұлтшылдардың рухани көсемі танылды. Дара тұлғаның өсиеті, қалдырған мұрасы тіл жанашырларының алға ұстар бағдаршамы болуға тиіс. Бәріміздің мақсатымыз – Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған рухани жəне ғылым-білім саласындағы мол мұралар сабақтастығын жалғастыру, деді байқаудың шымылдығын ашқан Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Сейтбекқызы Тұрмаханбетова. 

Бұл жолғы байқаудың жаппай бұқаралық мазмұнға ие болуының және бір мәнісі: қатысушылар бұдан біраз бұрын Facebook желісіндегі tilqazyna парақшасына өз бейнесабақтарын жариялап, тіл тағдырына немқұрайды қарамайтын қалың оқырман қауымға пікір білдіру, баға беруге мүмкіндік туғызды. Сол себепті сайыстың алғашқы кезеңінде әр үміткер өзін бірден таныстыруға көшіп, қазақ тілін оқытудағы өзінің жинақтаған тәжірибесі негізінде авторлық бағдарламасын ұсынса, қазылар алқасы өз кезегінде түйінді пікірін білдірді. 

Байқаудың келесі кезеңі Ахмет Байтұрсынұлының зерттеушілік мол мұрасына, еңбектеріне, соның ішінде оқыту әдістемесінің мазмұнына, оның ғылыми тұжырымдарына, сонымен қатар қазіргі заманғы тіл үйретудің соңғы технологиялары мен әдіс-тәсілдеріне арналды. Қатысушылар қалаған ұяшықтағы жоғарыда аталған бағыттар бойынша алдын ала дайындалған сұрақтарға санаулы минуттар ішінде жауап беріп отырды.

Байқаудың соңғы шешуші кезеңі арнайы сынама топтың қатысуымен жағдаяттық түрде өтті. Үміткерлер тіл үйренушілерге сөйлеу әрекетінің төрт түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) тапсырмалар беріп, аудиториямен жұмыс жасау қабілетін сынаққа салды. Әсіресе, тапсырманы орындауға топ мүшелерін белсенді қатыстыру жағы қатаң ескерілді. 


Бірнеше кезеңнен тұратын бұл мерейтойлық байқауға қатысушылар, бұрынғы жылдарымен салыстырғанда, Ахаңның аяулы есіміне құрметпен қарап ерекше көңіл күймен, тыңғылықты дайындалып келгенін байқатты. Кілең дүлдүлдер арасынан жеңімпаздарды анықтау оңайға түскен жоқ. 


Үшінші орынды жеңіп алған Павлодар облысы Ақсу қаласының мәдениет және тілдер бөлімінің әдіскер-оқытушысы Тәттігүл Құндызбекқызы Бекенова, Ақмола облысы Ақкөл ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанындағы Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Гайнель Сәкенқызы Дюсенбаева,  Қостанай облысы  «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айнұр  Білісбайқызы Миркемелованы – KAZGUU Жоғары Гуманитарлық мектебінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Советханқызы Дүсіпбаева марапаттады. 

Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Фариза Ерланқызы Боранғазы мен  Ақтөбе облысы Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл  оқытушысы Шыңғысхан Берікұлы Түменбаев екінші орынды иеленіп, оларға арнаулы марапатты Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ  Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы табыстады.


Кезек қазылар алқасының төрағасы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Бағдан Қатайқызы Момыноваға келді. Ол Жамбыл облысы Тілдерді оқыту орталығының қа
зақ тілі оқытушысы Гүлдерайым Болатқызы Халыққа бірінші орынның жүлдесін табыстады.
Байқаудың Бас жүлдегері – Қызылорда облысы тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Алтынай Романқызы Орынбаева. 

Бұл байқау ұлы реформатор, тіл білімінің атасы - Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-әдістемелік мұрасын насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.

 Жерлесімізді жеңісімен құттықтай отырып, алар асуларың көп болсын дейміз!