Жахан Отарғалиев: Instagram арқасында үй салып, жаңа көлік сатып алдым

363

Фото: Жахан ОтарғалиевОтандық танымал актер әрі әзілкеш Жахан Отарғалиев өз табысы туралы бар шындықты айтты. Бұған дейін асабалық қызметтен көп ақша түсірген өнер иесі бүгінде Instagram парақшасы арқылы қаржы тауып жүргенін мойындады.

Жахан Отарғалиев карантин енгізіліп, той-томалақтарға тыйым салынған соң табыс көзін әлеуметтік желісінен тапқан. Өнер иесі бар уақыты мен назарын жеке парақшасына арнап, бүгінде соның арқасында қомақты қаражатқа ие болып отыр. 

Бұл туралы актер "Headliner Weekend" бағдарламасында айтып берді.

"Бұған дейін табыс көзім той болатын. Ал дәл қазіргі уақытта менің табыс көзім Instagram. Екі миллион екі жүз мың оқырманды еңбектеніп жинадым. Ол күнделікті жұмыс секілді. Stories бөлімін 400 мың адам қарау үшін, сен күніге бір нәрсе ойлап табуың керек. Ке келген адамның қолынан келе бермейтін нәрсе" , - деп ағынан жарылды ол. 

Сонымен қатар, Отарғалиев Instagram парақшасының арқасында өзіне үй соғып, жаңа темір тұлпар мініп алғанын растады. 

"Аллаға шүкір, сол Instagram себебінен үйімді бітіріп алдым, көлігімді жаңартып алдым. Көптеген достарым маған ренжіп жатады. "Бізге парақшаңа ештеңе салып бере алмайсың" деп айтады. Мен оларға "бұл менің жұмысым" деп қысқаша жауап қайтарамын. Мен олардың жұмысына араласпаймын ғой, олардың жұмысына барып отырып алмаймын ғой. Бұл да сол сияқты. Көбі түсінбей жатады. Негізі табысқа қатысты айтатын болсақ, бір посттың бағасы - миллион теңге. Stories 200 мыңнан басталады. Алайда, нені жарнамалайтымыды мұқият қараймын, тексеремін. Ешқашан өмірімде ішімдік пен темекіге жарнама жасамаймын. Құрылыс заттарына жарнама жасаймын деп, үйімді бітіріп алдым ғой" , - деді актер.