Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Әлем музыкасы» жобасы аясында «The most nationalities in an orchestra» атты концерттік іс-шара өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне орай арнайы ұйымдастырылған бағдарламада «Ең көпұлтты оркестр» аталымы бойынша жаңа әлемдік рекорд тіркеліп, Гиннес кітабына енгізілді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа бастаманың басты мақсаты – еліміздің көпэтносты және толерантты екенін әлемге кеңінен дәріптеу. Қазіргі таңда бүкіл әлем Қазақстанды 100-ден астам этнос пен 18 конфессияның өкілдері мекендейтін ел ретінде таниды.
Мәдени іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол өз сөзінде VII Съездің бірегейлігі мен тарихи маңызына тоқталып, форумның дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетудегі айрықша рөліне назар аударды.
«Алдағы Съезд саны жағынан ғана емес, қатысатын дін лидерлерінің мәртебесі мен деңгейі жағынан да тарихи іс-шара болмақ. Осы форумға қатысу үшін әлемнің 50-ден астам елінен 100-ден астам делегация келеді. Съезде бейбітшілікті қамтамасыз етуге, диалог пен ынтымақтастық идеологиясын ілгерілетуге қатысты мәселелер талқыланады. Қазір әлемде саяси дағдарыс орын алып отыр. Көшбасшылардың келіссөздер жүргізуі және ымыраға келуі қиын мәселеге айналды. Осындай жағдайда рухани көшбасшылардың бірлесіп жұмыс істеуге және әлемнің әр түкпіріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге деген ұмтылысын айрықша атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы іс-шараны ұйымдастырушылар мен музыканттарды жаңа рекордтың тіркелуімен құттықтай келе, өнерде шекара болмайтынын, музыка адамзатты әрдайым игілікке шақыратынын айтты.
«Мәдениет пен өнер ұлтына, дініне және әлеуметтік жағдайына қарамастан адамдарды біріктіруші күшке ие. Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Рекордтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі қарсаңында тіркелуі де айрықша мәнге ие. Бұл – біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін, әсіресе, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде маңызды оқиға. Жаңа жобаның түпкі мақсаты VII Съездің идеологиялық бағытымен толық үндеседі. Ол – диалог, ынтымақтастық және әлемдегі қазіргі өзекті проблемаларды бірлесіп шешу сияқты басымдықтар», – деді Сенат Төрағасы.